БастыСаясат

Астанада Түрік Республикасының 101 жылдығына орай салтанатты қабылдау өтті

Елордада Түрік Республикасының құрылғанына 101 жыл толуына орай Түркияның Қазақстандағы елшілігінің ұйымдастыруымен салтанатты қабылдау өтті.

Шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев, Сенат пен Мәжіліс депутаттары, Қорғаныс министрлігінің өкілдері, елшілер және басқа да қонақтар шақырылды, деп жазады TuraNews.kz.

Қабылдау TUSAŞ-қа жасалған террорлық шабуыл құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Одан кейін қазақстандық әскери оркестр екі елдің әнұранын орындап, одан кейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның үндеуінен бейнеролик көрсетілді.

Шарада, Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркия Республикасының Ұлттық күніне арналған салтанатты жиынға қатысып, бауырлас түрік халқын Анадолы елінің құрылғанына 101 жыл толуымен құттықтады.

©mazhilis.parlam.kz

Палата төрағасы өз сөзінде қазақ халқы тәуелсіздігін ең алғаш таныған мемлекет ретінде Түркияны ерекше қадірлейтінін атап өтті.

– Былтыр ғана тамырлас елдің ғасыр тойын өздеріңізбен бірге атап өткен едік. Биыл да бұл игі дәстүр жалғасын тауып жатыр, – деді Ерлан Қошанов.

©mazhilis.parlam.kz

Биыл екі ел арасында Достық және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанына 30 жыл толып отыр.

– Біздің достығымыздың тамыры бұдан да тереңде жатыр. Сан ғасырлық ортақ тарихымыз, мәдени-рухани сабақтастығымыз соған куә. Сол екіжақты қарым-қатынас, бабаларымыз салып кеткен сара жол жыл өткен сайын жанданып, ынтымағымыз өрлеп-өркендеп келеді. Қазіргі таңда Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті. Оған біздің елдеріміздің көшбасшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоғанның арасындағы мызғымас достық берік негіз болуда. Және қазақ-түрік қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеруге зор септігін тигізуде, – деді Палата төрағасы.

Мәжіліс спикері стратегиялық серіктестіктің ерекше қарқын алуында қазақ-түрік Парламентаралық ынтымақтастығығың еңбегі мол екеніне назар аударды. Оған биыл мамыр айында Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуштың Қазақстанға ресми сапары серпін берді.

Ерлан Қошанов екі елдің заң шығарушы органдары мемлекет басшыларының уағдаластықтарын қарқынды іске асыруға белсене атсалысатынын айтты.

Сонымен қатар, 2024 жылы Түркі мемлекеттері ұйымына 15 жыл толады. Мәжіліс төрағасы осы айтулы датамен де құттықтап, бауырлас халықтарға бақ-береке тіледі.

Елші Капуджу өз сөзінде,  да TUSAŞ-қа жасалған террорлық шабуылдан кейін Қазақстанға көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдіріп, Түркияның терроризммен күресін жалғастыратынын баса айтты.

«Терроризм қаупін терең түсінген Түркия терроризммен күресуді табынды түрде жалғастырады. Мен қазақ бауырларымызға, әсіресе Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға опасыз шабуылдан кейін қолдау көрсеткені үшін шын жүректен алғысымды білдіремін», — деді Капужу.

Гази Мұстафа Кемал Ататүрік бастаған Тәуелсіздік соғысына тоқталған Капуджу бұл күрестің түрік халқының табандылығы мен құрбандықтарының арқасында жеңіспен аяқталғанын атап өтті. «Біз бұрынғыдай ынта-жігермен Республикамыздың даңқын асқақтату үшін еңбек етуді жалғастырамыз», деді ол.

Сондай-ақ, Елші Капуджу тарихи-мәдени байланыстар негізінде қалыптасқан Түркия мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынастар соңғы 32 жыл ішінде Еуразия аймағындағы ең сенімді серіктестік үлгісіне айналғанын  айтты.

«Тарихи-мәдени байланыстары терең қазақ бауырларымызбен бірге болашақтың іргетасын қалауға ұмтылуымыздың арқасында қарым-қатынасымыз барлық салада қарқынды дамып келеді. Осы орайда, түрік компанияларының Қазақстанның энергетикалық емес секторларындағы ең ірі шетелдік инвесторлардың қатарында болуын және түрік инвестицияларының әртүрлі салаларда дамып келе жатқанын мақтан етемін. Біз 10 миллиард доллардан асатын сауда көлемін одан әрі арттыру және өзара инвестицияға негізделген экономикалық ынтымақтастығымызды одан әрі дамыту үшін бар күш-жігерімізді салуды жалғастырамыз», деп айтты Елші Капуджу.

Шара соңында қонақтарға «Абырой» қазақ тобының концерті мен түрік тағамдары ұсынылды.

 

 

Via
Мәжілістің баспасөз қызметі

TuraNews

Back to top button