Астанада SUNNY VOICE 2025 есептік концертінде ерекше балалар өнер көрсетті

Астанадағы Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда Voice Astana шығармашылық студиясының жас орындаушылары мен «Ерекше мерекелер» қоғамдық қорының балалары қатысқан SUNNY VOICE 2025 есептік концерті өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Концерт Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Сахнада 30-ға жуық өнерпаз өнер көрсетті, олардың арасында ең кішкентайы – шамамен 4 жаста. Қонақтарға мазмұнды музыкалық бағдарлама ұсынылды: жеке әндер, фортепианолық шығармалар және ансамбльмен қойылымдар.
Концерттің мақсаты – балалардың, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар балалардың әлеуметтенуіне ықпал ету, олардың дамуына қолайлы және достық орта қалыптастыру.
Voice Astana студиясының негізін қалаушы Махаббат Мұхамеджанованың айтуынша, концерттік бағдарламаны балалар өздері таңдаған, ал педагогтар қосымша ұсыныстар берген.
«Көрермендер үздік қойылымдарды тыңдады. Ерекше балалармен жұмыс істеу – бұл ең алдымен сүйіспеншіліктен, махаббаттан тұрады. Әрине, мұндай балалармен жұмыс істеу оңай емес, төзімділік қажет. Бірақ бірінші кезекте махаббат тұруы тиіс. Біз балаларға үнемі сахнаға шығып, өздерін нағыз әртіс ретінде сезінуге мүмкіндік беруге тырысамыз. Бұл – біздің басты мақсатымыз», – деді ол.
Концертке қатысушы, студия оқушысы Елена Палий де өз әсерімен бөлісті:
«Бұл менің екінші өнер көрсетуім. Бұл – өз қорқынышымды жеңу сияқты. Бұл концертке лирикалық шығарма таңдадым. Дайындық шамамен екі айға созылды. Мұндай іс-шаралар өте маңызды деп есептеймін. Олар балаларға бейімделуге, сахнадан қорықпауға, көпшілік алдына шығуға, өздерін қоғамның бір бөлігі ретінде сезінуге көмектеседі», – деді Елена.
«Ерекше мерекелер» қорының жетекшісі Ботагөз Игенбаева да мұндай шаралардың маңыздылығына тоқталды.
«Ерекше балалар үшін сахна – өз маңыздылығын сезінудің мүмкіндігі. Олар – барлық азаматпен тең. Басқа әртістермен бірге өнер көрсету арқылы олар қолдау, көпшіліктің назарына, қошеметке ие болады. Бұл достыққа негізделген, инклюзивті орта қалыптастырады. Мұнда баршаға тең мүмкіндік беріледі», – деп атап өтті ол.