Астанада спорт журналистеріне арналған ЖИ тренингі өтті
Журналистері күні мен Халықаралық спорт журналистері күніне орай елордада спорттық медиа өкілдеріне арналған арнайы оқыту тренингі ұйымдастырылды.
«Жасанды интеллект – спорт журналисінің жаңа көмекшісі» атты шараны SportQory қорының қолдауымен медиа саласының сарапшысы Аршат Оразов жүргізді, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Тренинг барысында қатысушылар ChatGPT сынды заманауи ЖИ құралдарын спорттық жаңалық жазу, тақырып қою, пост дайындау, деректерді өңдеу және мультитілді контент жасау секілді бағыттарда қолдану жолдарын меңгерді. Іс-шара негізінен тәжірибелік форматта өтті.
— Журналистерге бұл технологиялар — көмекші құрал. Уақыт үнемдеп, сапаны арттыруға жол ашады. ЖИ-дің мүмкіндіктерін түсіну – заманауи медианың басты талабы, — деді тренер Аршат Оразов.
Тренинг соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Шараға қатысқан журналистер бұл тәжірибе күнделікті жұмысын жеңілдетіп, жаңа тәсілдерді меңгеруге сеп болғанын атап өтті.