7-8 мамыр күндері Астанада садақ атудан жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өткізіледі, деп хабарлайды Turanews.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Чемпионаттың ұйымдастырушылары – ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы, «Sadaq Aty» Республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясы.
Чемпионатқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен 150-ге жуық мерген бақ сынайды деп күтілуде. Жалпы 7-9 жас, 10-12 жас, 13-15 жас, 16-18 жас аралығындағы қыздар және ұлдар қатысатын болады.
Жарыс үш түрлі нысана негізінде өткізіледі. Олар – Пута нысанасы (5 оқтан 5 мүмкіндік), Орта Азия нысанасы (5 оқтан 5 мүмкіндік) және Жамбы нысанасы (5 оқтан 3 мүмкіндік). Жас ерекшіліктеріне байланысты әр нысананың арақашықтары әртүрлі.
Атап айтсақ,
- 7-9 жас – 10 метр (ұлдар мен қыздар бөлек)
- 10-12 жас – 15 метр (ұлдар мен қыздар бөлек)
- 13-15 жас – 20 метр (ұлдар мен қыздар бөлек)
- 16-18 жас – 25 метр (ұлдар мен қыздар бөлек)
Жеңімпаздар медельдармен, дипломдармен марапатталады.
Іс-шара «KazTuran Sport» кешенінде ұйымдастырылады.
Еске салсақ, Атырау қаласында алғаш рет өткен дәстүрлі садақ атудан «ALTYN ORDA» халықаралық турнирі қорытындыланған болатын.