Бүгін, елордада «Пандемия сабақтары: Қазақстан тәжірибесі» халықаралық форумы аясында «QazVaC: ТАЙТАЛАС» деректі публицистикалық кітабының тұсауы кесіледі. Бұл кітап пандемиямен күрес кезінде отандық вакцина жасаған қазақ ғалымдарының ерлігіне арналған, деп хабарлайды Turanews.kz.
«Бұл кітап пандемиямен күрес кезінде отандық вакцина жасап шыққан қазақ ғалымдарының ерлікке барабар ісіне арналады. QazVac вакцинасы қалай жасалды? Қандай кедергілерді жеңуге тура келді? Вакцина шығаратын отандық зауыт қалай салынды? Оның маңызы қандай? Кітапты әзірлеуші топ вакцина жасауға қатысқан ғалымдардың өзімен, басшылық жасаған тұлғалармен жеке кездесіп, осы сұрақтардың жауабын оқырман назарына ұсынды. Пандемия аяқталды, бірақ пандемиямен күрес кезіндегі ғалымдар мен дәрігерлер еңбегі ұмытылмауы керек, кітап осы мақсатта жарық көріп отыр», – дейді Күнсұлу Закарья.
«Пандемия аяқталды, бірақ онымен тайталас кезіндегі ғалымдар мен дәрігерлер еңбегі ұмытылмауы керек» деген мақсатпен жарық көрген кітапты «ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым академиясы» КЕАҚ басқарма президенті Күнсұлу Закарья таныстырады.
Кітапта отандық вакцинаны жасау қашан, қалай басталғаны, бұл жолда қандай қиындықтармен бетпе-бет келгені, тәуекелге бел буған шешімдер қалай қабылданғаны және қандай жетістіктерге қол жеткізілгені туралы баяндалады. Кітапты әзірлеген топ отандық вакцина жасау кәсіби шеберлік пен ғылыми құзыреттіліктің жоғары деңгейін көрсеткен қазақ ғалымдарының нағыз ерлігіне айналғанына басымдық береді.
Кітапта вакцинаның клиникалық сынақтың үш кезеңінен қалай жүргізілгені, сертификаттаудан қалай өткені және өндіріске енгізілгені туралы ақпарат берілген. Кітапты дайындаушы топ отандық вакцинаны жасау, COVID-19 пандемиясымен күресте маңызды қадам болғаны және жаһандық сынақты сәтті еңсеруге мүмкіндік бергеніне назар аударады. Сондықтан «QazVaC: ТАЙТАЛАС» кітабын Қазақстанның COVID-19 пандемиясымен күресі және өзінің отандық вакцинасын жасағаны туралы маңызды ақпарат көзі деуге болады.