Қоғам

Астанада қазақ-орыс-ағылшын фразеологиялық сөздігінің тұсаукесері өтті

2025 жылғы 18 сәуірде Астана қаласының Ұлттық академиялық кітапханасында мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтуге бағытталған тиімді әдістемелік құрал – қазақ-орыс-ағылшын фразеологиялық сөздігінің тұсаукесері өтті. 

Басылымның авторы – филология ғылымдарының кандидаты, аудармашы-синхронист, Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Камал Әбілқасымқызы Әлпейісова.

Іс-шараны Қазақстан халқы Ассамблеясы және Қазақстан Жазушылар одағының Астана филиалы ұйымдастырды.

Тұсаукесерге ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алишер Сатвалдиев, ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанаи, жазушылар, ғалымдар, ЖОО оқытушылары, ҚХА мүшелері, лингвистер, сондай-ақ аударма ісі мен мәдениетаралық диалогты дамыту саласындағы мамандар қатысты.

ҚХА-ның басты бағыттарының бірі — мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттауға арналған сөздік Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы аясында шығарылған.

Басылым білім беру, журналистика, саясат және мәдениетаралық байланыс салаларында қолдануға бағытталған. Қазақ мақал-мәтелдері мен тұрақты сөз тіркестерінің (фразеологиялық бірліктердің) орыс және ағылшын тілдеріндегі мағыналық аудармасын білу сөздік қорын кеңейтуге мүмкіндік береді және қазақ тілін терең меңгеруге ықпал етеді.

Бұған дейін сөздік 2006, 2011 және 2016 жылдары қазақ-орыс нұсқаларында басылып шыққан және күнделікті өмірде тіл үйренудің тиімді құралы ретінде танымал. Жаңа, кеңейтілген нұсқада ағылшын тіліндегі аудармалар толықтырылды, бұл сөздікті әсіресе үш тілді дамыту контекстінде өзекті етеді және студенттер мен оқытушылардан бастап саясаткерлер мен коммуникация саласының мамандары арасында сұранысқа ие.

Сонымен қатар сөздік қазақ тілінің байлығы мен тіларалық өзара түсіністік мүмкіндіктерін біріктіре отырып, шешендік шеберлік пен сөйлеу мәдениетін дамытуға жәрдемдеседі.

TuraNews

Back to top button