
Бүгін Астана қаласындағы «Конгресс-орталығында» еліміздің туристік саласы үшін айрықша маңызға ие іс-шара – «Kazakhstan Travel Forum: Саяхат 2025» форумы басталды, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Форумға Қазақстанның жетекші туроператорлары мен туристік агенттіктері, әуе компаниялары мен әуежайлардың өкілдері, мемлекеттік органдар, халықаралық серіктестер, цифрландыру саласының мамандары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып жатыр.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен, «Turistik Kamkor» корпоративтік қоры – ҚР азаматтарының шетелге шығу туризмі саласындағы құқықтарын кепілдендіру жүйесінің әкімшісі – ұйымдастырып жатыр.
Форумның басты мақсаты — туризм индустриясының негізгі қатысушыларын біріктіріп, нарықтың өзекті мәселелерін талқылау арқылы саланы дамыту бойынша ортақ стратегия қалыптастыру.
«Kazakhstan Travel Forum: Саяхат 2025» алаңында туризм нарығының өзекті бағыттарына қатысты маңызды тақырыптар қарастырылып жатыр. Олардың қатарында:
- инновациялық шешімдерді енгізу;
- халықаралық ынтымақтастықты дамыту;
- саланың дамуына кедергі келтіретін жүйелік мәселелерді шешу жолдары бар.
Форум қатысушыларға тәжірибе алмасуға, жаңа серіктестік мүмкіндіктерін талқылауға және туризм саласындағы сарапшылармен тікелей байланыс орнатуға тамаша мүмкіндік беруде.