Астанада байланыс саласы мамандарының алғашқы республикалық кәсіби шеберлік байқауы басталды
Байланыс қызметкерлері күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі байланыс мамандарына арналған алғашқы республикалық кәсіби шеберлік байқауын ұйымдастырды.

15 мамырда Астанада басталған байқауға еліміздің әр өңірінен келген, телекоммуникация саласындағы 9 жетекші компанияның инженерлері мен байланыс мамандары қатысуда, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Байқаудың мақсаты – байланыс саласындағы жұмысшы мамандықтардың абыройын арттыру, саланы жастар арасында кеңінен насихаттау және мамандардың кәсіби дағдыларын дамыту.
Байқау бағдарламасы талшықты-оптикалық байланыс желілерін дәнекерлеу бойынша практикалық кезең мен байланыс операторларының білімін тексеруге арналған теориялық бөлімді қамтиды.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 16 мамыр күні Байланыс қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара аясында өтеді. Саладағы үздік мамандарды Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев марапаттайды.