Астанада Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған халықаралық дөңгелек үстел өтті
Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Қазақстан, Ресей, Түркия, Мажарстаннан белгілі ғалымдар мен сарапшылар және ТМД елдерінен кітапхана саласының өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Жиын барысында Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли Абайдың 180 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында республика көлемінде жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар туралы баяндап берді.
Іс-шара барысында ұлы ақынның әдеби мұрасы мен философиялық көзқарасының қазіргі қоғамдағы маңызы, ағартушылық идеяларының рухани жаңғыру үдерісіндегі рөлі талқыланды. Сонымен қатар Абайдың ЮНЕСКО деңгейінде мойындалып, әлемнің көптеген тілдеріне аударылған шығармашылығы туралы айтылды.

Айта кетейік, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын атап өту бойынша 305 іс-шара жоспарланған. Соның ішінде 7 халықаралық, 44 республикалық, 254 өңірлік деңгейде іс-шара ұйымдастырылады, Ұлттық кітапханалар аясында 22 іс-шара өткізу көзделіп отыр.
Жыл соңына дейін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Абай.Стихи и поэмы» (орыс тіліне аударған – О. Жанайдаров), «Абай жолы» кейіпкерлері және Абай» (авторы – А. Мұхаметқалиқызы), «Абайтанудың кейбір мәселелері» (авторы – З.Тайшыбай) атты кітаптары басылып шығып, барлық өңірдегі кітапханаларға таратылады.