21 мамыр күні өздерінің төл мерекесін мәдениет және өнер саласының қызметкерлері мен мамандары атап өтеді. Осы өнер қайраткерлері талантының, актерлік шеберлігінің, музыкалық аспаптарды меңгеруінің, көркем суреттері мен өзге де жетістіктерінің арқасында елімізді барша әлемге танытып келеді. Бүгін елордадағы «Астана Опера» театрында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай «Ұлы дала әуені» атты концерт өтті. Осы іс-шара кезінде Қазақстанның әр өңірінен келген 1000 музыкант бір сахнада өнер көрсетті.
«Астана Опера» опера және балет театрына танымал музыканттардың өнерін тамашалауға көп көрермен жиналды. Өнерпаздардың кәсіби мерекесіне орай өздерінің ізгі тілектерін айту үшін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов арнайы келді.
Сонымен қатар, концертті тамашалауға танымыл кино және театр актерлері, өнер жұлдыздары шақырылды.
Іс-шара барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер саласы мамандарына табыс тілеп, құттықтау хат жолдады. Мемлекет басшысының хатын министр Асхат Оралов оқып берді.
«Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Әрбір елдің мәдениеті — адамзат өркениетінің асыл қазынасы, онда ұлттың бүкіл болмысы, ақыл ойы, парасат пайымы түгел көрініс тапқан. Өнері өркендеген халықтың мерейі үстем, мәртебесі биік болады. Сіздер рухани құндылықтарымызды дәріптеп, заман талабына сай жаңғыруына зор үлес қосып келесіздер. Жаһандану дәуірінде ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалу — айрықша маңызды. Осы орайда төл мәдениетімізді дамыту баршамызға ортақ міндет. Қазақстан — сан қырлы мәдени мұрасы бар рухани бай мемлекет. Ел іші — өнер кеніші деп бекер айтылмаған. Тума таланты мен еселі еңбегінің арқасында ұлт абыройын асқақтатқан біртуар азаматтарға халқымыз қашанда кенде болмаған. Бүгінгі буын алдыңғы толқынның өнегелі жолын лайық түрде жалғастырады деп білемін. Олардың арасында өнерімен әлемді мойындатқан ерекше дарын иелері бар. Мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтіп, жас ұрпақты рухани байыта түсу үшін аянбай еңбек етіп жүрген баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздерге бақ береке толағай табыс тілеймін. Өнерлеріңіз өрге бассын!», — делінген Мемлекет басшысы хатында.
Атап айтқанда, бүгін «Астана Опера» театрында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған ауқымды мерекелік кеш өтті. Осындай ауқымда алғаш рет өткізілген айтулы іс-шара аясында сахнада бір уақытта еліміздің әр өңірінен келген 1000-нан астам музыкант өнер көрсетті.