ҚоғамМәдениет

Астана күніне қарай, Өскеменде «Mamma mia!» мюзиклінің премьерасы өтті

Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының көрермендер залында «Mamma mia!» мюзиклінің премьерасы өтті.

Бұл мюзикл 1999 жылдан бері әлемнің 140-тан астам қаласында қойылған. Осы уақыт ішінде мюзиклді 27 миллионнан астам адам тамашалаған. Бұл жолы Өскемен қаласының тұрғындары әлемдегі ең танымал музыкалық спектакльді тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Шығармашылық ұжымдарға үнемі қолдау көрсететін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев та көпшілікпен бірге көрермендер залынан табылды.

— Бұл мюзикль қала қонақтарына ерекше көңіл күй сыйлады деп ойлаймын. Облыстық Жас көрермен театрында жұмыс істесем де осы мюзикльде ойнауға мүмкіндік алдым. Ерекшелігі мұнда қойылымды бастан-аяқ оркестр музыкамен демеп, әуезді әуенмен көрермен көңілін тербеп отырады. Өзіме осы бағытта жұмыс істеу ұнады, — дейді қойылымның солисті Аяулым Тұрысбекова.

Мюзиклде Швецияның «ABBA» тобының 22 хит әні шырқалды. Оның ішінде: «Dancing Queen», «Money Money Money», «Take a Chance on Me», «The Winner Takes It All» және «Mamma Mia» әндері бар.
Спектакльдегі диалог ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылған, ал ондағы хит әндер ағылшын тілінде түпнұсқада орындалды.

Мюзиклдың қысқаша мазмұны: «Грек аралында орналасқан Доннаның тавернасында оның қызы Софи Скаймен үйлену тойына дайындалуда. Бірақ қызы әкесі туралы ештеңе білмесе де, мерекені әкесінің қатысуынсыз өткізгісі келмеді. Табылған анасының күнделігінен Софидің әкесі болуға үш адам бар екені анықталды. Үміті үзілуге шақ қалған қалыңдық Доннаның атынан үшеуіне де үйлену тойына шақыру жібереді. Олар жастық шақты еске алу үшін аралға қуана-қуана жетеді, бірақ ешқайсысы қалыңдықтың үшеуінің біреуінің қызы болып шығатынын аңғармайды. Ал Софидің салтанатты рәсімде жанында кім болатынын анықтау үшін бір тәулік қана уақыты бар. Осылай жалғасады…»

— Өте көңілді қойылым. Әуезді ән, көңілді музыка. Кейіпкердің айтары түгелге дерлік әнмен баяндалады. Сол жері маған қатты ұнады. Адамдардың жан дүниесін демалысқа бөлейтін осындай қойылымдар көп болғаны дұрыс шығар деп ойлаймын. Әндер шет тілінде болса да әуезді. Өзіме ұнады, — дейді көрермендердің бірі Жұпаргүл Қуанова.

Музыкалық спектакльге Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының актерлері, сондай-ақ облыстық филармонияның солистері, әртістері және бишілері қатысты.

Айта кетейік, жақын арада жоғарыда аталған барлық ұжымдар Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театры шаңырағында бірлесіп жұмыс атқаратын болады.

Сонымен қатар бұл жолғы қойылымда да «Жарғанат» опереттасына, «Айсұлу» операсына қатысқан солист Арника Байбусынова және Әсел Темірованың жетекшілігімен Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан Өнер училищесінің аралас хоры өнер көрсетті. Ал дәстүрлі аспаптық бөлімді бас дирижер, Қазақстан Республткасына еңбек сіңірген қайраткер Александр Галсановтың жетекшілігімен облыс әкімінің симфониялық оркестрі орындады.

TuraNews

Back to top button