Astana Hub-тағы Startup Garage нәтижесі: 46 жаңа жұмыс орны, ₸129 млн сатылым және $300 000 инвестиция

Astana Hub алаңында өткен Demo Day 2025 іс-шарасы Startup Garage инкубациялық бағдарламасының қорытындысын шығарды. Үш айлық бағдарлама барысында стартаптар идеяларын нақты өнімге айналдырып, алғашқы клиенттерін тапты және инвесторларға жобаларын таныстырды.
2025 жылы бағдарламаға 390 өтінім түсіп, 302 жоба іріктелді. Оның ішінде 77 стартап толық циклді аяқтап, 41%-ы келесі даму кезеңіне өтті. Бағдарлама аясында 46 жаңа жұмыс орны құрылып, ₸129 млн көлемінде сатылым жасалды, ал ең тартымды жобалар $300 000 инвестицияға қол жеткізді.
Demo Day-де ұсынылған жобалардың арасында BookEat (мейрамханаларға арналған платформа), Green Alem AR (сөйлеу қабілеті кешеуілдеген балаларға арналған AR-қосымша), AgrioPro (ауыл шаруашылығына арналған IoT шешімдер), UNO (спорттық абонементтерге арналған қосымша), Vetra AI (AI-хатшы), aiokk (AI-негізіндегі сөйлеу талдаушы) сияқты инновациялық стартаптар бар.
Astana Hub бизнес-бағдарламалар кеңсесінің директоры Ербол Ахметов:
– Startup Garage – жай оқу емес, идеяны өнімге айналдырып, алғашқы сатылым жасап, кәсіби ортада танылу мүмкіндігі. Апта сайын қатысушылардың қалай өсіп жатқанын көріп, шабыттанамыз. Бағдарлама агротехнологиядан бастап, медицина, білім мен IT-ге дейін әртүрлі саладағы таланттарды біріктіреді, – деді.
Green Alem AR жобасының негізін қалаушы Айнұр Нұрадил бұл бағдарламаны нағыз өсу мен қолдау ортасы деп атап өтті:
– Бастапқыда арман болған идея енді сөйлеу қабілеті шектеулі балаларға көмектесетін нақты құралға айналды. Енді мен өзімді толыққанды кәсіпкер ретінде сезінемін, – дейді ол.
Astana Hub алдағы уақытта да Қазақстан мен халықаралық деңгейде мықты технологиялық экожүйе қалыптастыруды жалғастырады.
Demo Day нәтижесі – қазақстандық стартаптардың ел экономикасына серпін беруге және жаһандық нарыққа шығуға дайын екенін көрсетті.