Арменияда су тасқынынан 4 адам құрбан болды
Арменияның екі облысында өзен тасуы салдарынан болған су тасқынынан зардап шеккендер саны 4 адамға жетті. Құтқарушылар жоғалғандарды іздеуді жалғастырып жатыр.
Армения Республикасы Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, екі облыстың әртүрлі елді мекендерінің құтқарушылары су басу аймағында қалған 429 адамды эвакуациялап, құтқарды.
– Біраз уақыт бұрын жоғалғандардың бірінің денесі табылды. Апат салдарынан 4 адам қаза тапты, — деді жергілікті БАҚ-қа Төтенше жағдайды жою орталығының басшысы, аумақтық әкімшілік және инфрақұрылым министрі Гнел Саносян.
Оның айтуынша, су тасқынынан зардап шеккен аудандарда 17 көпір, оның ішінде 5-6 ірі көпір қираған. Көпірлердің бұзылуы салдарынан кейбір елді мекендер арасындағы байланыс үзілді немесе қиындады, 5 мыңнан астам адам оқшауланған ауылдарда қалып қойды. 9 елді мекен негізгі жолдардан ажыратылған. Екі облыстың 3,5 мыңға жуық тұрғыны жарықсыз отыр. Бірқатар елді мекендерде газ беру толық немесе ішінара үзіліп, электр желілері, су құбырлары және басқа да инфрақұрылымдар бұзылған.
– Теміржолдарға да айтарлықтай үлкен шығын келтірілді. Шамамен 2,5 шақырымды құрайтын әртүрлі учаскелер опырылған. Теміржол қатынасын қалпына келтіру үшін біршама уақыт қажет. Мемлекетаралық жолдың бес учаскесіне елеулі зақым келтірілді, бірақ кеше жүргізілген жұмыс жолдың зақымданғанына қарамастан, жолды қалыпты ұстауға мүмкіндік берді, — деді Гнел Саносян.
Гнел Саносянның айтуынша, электр қуаты, газ және суды кезең-кезеңімен қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ елдi мекендер арасында азаматтарды тасымалдау және азық-түлiк жеткiзу үшiн баламалы қатынас жолдарын ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді.