Қазақстанның Армениядағы Елшілігінде ел сарапшыларының, журналистік, іскерлік және саяси топтарының өкілдерімен кездесу өтті. Дөңгелек үстелге қатысушылар қазіргі Қазақстанның даму мәселелерін талқылап, екіжақты күн тәртібі бойынша пікір алмасты, деп жазады TuraNews.kz Kazinform агенттігіне сілтеме беріп.
Қазақстанның Армениядағы Елшісі Болат Иманбаев дөңгелек үстелге қатысушыларды Қазақстандағы саяси, әлеуметтік-экономикалық және демократиялық реформалар кешенін іске асыру процесі, адам құқықтарын нығайту шаралары туралы баяндады. Олар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 3 қаңтардағы Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатының негізгі мазмұнымен танысты.
Сондай-ақ, қонақтарға Қазақстанның 2023 жылғы түрлі секторларындағы негізгі нәтижелер мен қорытындылар туралы, адам құқықтарын қорғау жөніндегі нақты шаралар, Қасым-Жомарт Тоқаев президенттігінің қорытындылары туралы көрнекі материалдар ұсынылды.
Армян сарапшылары Қазақстан басшылығының демократиялық қағидаттарға, ортақ мақсаттарға бірлесіп қол жеткізу, адам құқықтарын қамтамасыз ету, қалыптасқан теріс дәстүрлерді жою мақсатында қоғамды біріктіруге берік екенін атап өтті.
«ХХІ ғасыр – мүмкіндіктер ғасыры. Қазақстан көшбасшы елдер тізімінде болуға толық құқығы бар екенін дәлелдеді. Табыстың кілті – халықтың ынтымағы. Өңірлер мен инфрақұрылымды дамыту бойынша реформалар да ерекше әсер қалдырды», — деп «Альтернатива» талдау орталығының басшысы, саяси экономика саласындағы сарапшы Татул Манасерян Қазақстанға сапарын қорытындылады.
Жаһандану және ынтымақтастық жөніндегі талдау орталығының басшысы Степан Григорянның пікірінше, Қазақстанның демократиялық мемлекет құру жолындағы жетістіктері жігер береді.
«Қазақстан Президенті психологияны өзгертіп, мемлекеттің дамуына теріс әсер еткен теріс дәстүрлерді жойып келеді. Маңызды демократиялық реформалар жүргізіліп келеді. Ал Ұлттық құрылтай – ежелгі дәстүрлерді сақтайтын құнды диалог алаңы», — деп атап өтті сарапшы.
Іс-шара аясында «Қаңтар. Мемлекеттік төңкеріс әрекеті» деректі фильмі көрсетілді. Ал кездесудің соңғы бөлігінде өзара қызығушылық тудырған екіжақты күн тәртібі бойынша пікірталас өтті.