ӘлемБасты

Армения мен Әзербайжан қарулы шабуылға бірін-бірі айыптады

Бір күн бұрын Әзербайжан мен Армения шекарасында қарулы қақтығыс болды. Салдарынан қаза тапқандар мен жараланғандар бар.

Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі 12 ақпан күні Армения қарулы күштерінің арандатуы нәтижесінде Әзербайжан мемлекеттік шекара қызметінің бір сарбазы жараланғанын хабарлады. Осыған орай 13 ақпанда Әзербайжан мемлекеттік шекара қызметі «есе қайтару операциясын» жүргізді.

«Операция нәтижесінде Гафан ауданы Неркин-Анд елді мекені маңындағы Армения қарулы күштерінің әскери бекеті толығымен жойылды. Ол жерде бір күн бұрын біздің әскери қызметкерлерімізге қарсы оқ жаудырған», — делінген ведомство хабарламасында.

Әзербайжан Қорғаныс министрлігі бұған дейін 12 ақпан күні сағат 20:50-де және 23:40-та Армения Қарулы Күштерінің бөлімшелері Товузгалин ауданының Чинарлы елді мекеніне қарай атыс қаруынан Әзербайжан армиясының Товуз ауданының Коханаби елді мекеніне қарай оқ атқаны туралы хабарлаған болатын.

Армения СІМ ақпанның 13-і күні Әзербайжан тарапынан жасалған шабуылдан екі адам қаза тапқанын хабарлады.

«Армян жағында қаза тапқан және жараланған 2 әскери қызметкер бар. Әзербайжан Армения Республикасына қарсы негізсіз заңсыз агрессиясын жалғастырып жатыр», — деп жазды Армения Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Эдмон Марукян X платформасында.

Арменияның Қорғаныс министрлігі 13 ақпанда Әзербайжан тарапы Мәскеу уақытымен 08:30-да Сюник облысының Неркин-Ханда ауданындағы армян жауынгерлік позициялары бағытында атыстарды тоқтатқанын хабарлады.

Бұған дейін 11 ақпанда Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі Армения премьер-министрі Никол Пашинянның The Telegraph газетіне берген сұхбатына түсінік берді.

Сыртқы саясат ведомствосы армян Үкіметі басшысының мәлімдемесін «кезекті негізсіз жала жабу» деп бағалады және Арменияны халықаралық міндеттемелерді сақтауға және бейбіт процеске сөзбен емес, іс жүзінде үлес қосуға шақырды.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 19 қыркүйегінде Әзербайжан «конституциялық тәртіпті қалпына келтіру» мақсатында Қарабақта «жергілікті сипаттағы терроризмге қарсы іс-шаралардың» басталғанын жариялады.

Жауынгерлік іс-қимылдар нәтижесінде танылмаған Таулы Қарабақ Республикасының басшылығы «қалған армян әскерилерін» Қарабақтан шығаруға, «Таулы Қарабақтың қорғаныс армиясының» құрылымдарын таратуға және толығымен қарусыздандыруға және ауыр әскери техникалар мен қару-жарақтарды аумақтан шығаруға келісті.

Армян халқы жаппай көше бастады. 30 қыркүйекке қарай Қарабақтан Арменияға 100 мыңнан астам босқын келді. Әзербайжан Қарабақтағы армян өкілдерімен аймақты қайта біріктіру туралы келіссөздерді бастады.

Source
Kazinform

TuraNews

Back to top button