Әлем

Армения жаңа атом электр станциясын салмақшы

Арменияның аумақтық басқару және инфрақұрылым министрі Гнел Саносян Арменияда жаңа атом электр стансасын салуға дайындық жұмыстарын жүргізуге шақырды.

Бұл туралы Г.Саносян құрылысшылар күніне арналған шара барысында мәлімдеді, деп хабарлайды TuraNews.kz порталы Kazinform агенттігіне сілтемелеп.

Құрылысшылар күні қарсаңында Ереванда салтанатты шара өтті, оның барысында Арменияның аумақтық әкімшілік және инфрақұрылым министрі сала мамандарына арнаған сөзінде оларды маңызды және ауқымды жоба — жаңа атом электр станциясының құрылысына дайындалуға шақырды.

– Мен тағы бір маңызды жобаға назар аударып, соған дайындалуға шақырғым келеді. Әңгіме Армениядағы жаңа атом электр станциясының құрылысы туралы болып отыр. Бұл ауқымды жоба еліміздің барлық құрылыс саласын жұмылдыруы керек. Бұл жобаға бірге дайындалуымыз керек. Көптеген құрылыс компаниялары өздерінің кәсіби әлеуетінің және жаңа технологияларды енгізудің айтарлықтай өсуін көрсетіп жатқанын қуана атап өткім келеді», — деді министр Г.Саносян.

Атом энергиясы Армениядағы негізгі энергия көздерінің бірі. Қазіргі уақытта елде Армения атом электр станциясы жұмыс істейді, оның бірінші энергоблогы сонау 1976 жылы, ал екіншісі 1980 жылы коммерциялық пайдалануға берілді.

Арменияның атом электр станциясы 2016 жылы жұмысын аяқтауы керек еді, бірақ ауқымды модернизация арқылы оның пайдалану мерзімі 2026 жылға дейін ұзартылды. Соңғы болжам бойынша, станция 2036 жылға дейін жұмыс істей алады.

Республикадағы жалпы электр энергиясын өндірудегі Армения атом электр станциясының үлесі шамамен 40% құрайды.

 

TuraNews

Back to top button