Экономика

Ақтөбе облысының бірнеше ауданында шегіртке қаптады

Ақтөбе облысының бірнеше ауданында шегіртке қаптады, деп жазады Turanews.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданындағы екі ауылда жағдай мүлде қиын. Бұл жерде дала жерде ғана емес, ауыл ішіне де шегіртке қаптаған.

«Бүгінде аудан бойынша 444 мың гектардан астам жерді өңдеу жоспарланған. Өңдеуге АН-2 ұшағы, 3 дельтаплан және бірнеше көлік жұмылдырылды.

Ашығын айтқанда, биыл жер өңдеу көлемі екі есе көп. Былтыр 220 мың гектар болды. Шегіртке де көп. 23 мамыр күні алғаш рет шыққаны туралы ақпарат түсті. 30 мамырда улау жұмысы басталды. 4-5 жылда шарықтау шегі болады дейді. Әсіресе аудан орталығынан алыс Аққұм, Сарбұлақ ауылдары құмды жерде орналасқан.

Шегіртке жұмыртқасын құмға салып, тез тарайды. Құмға көлік бара алмаған соң ұшақтар жіберілді.

Басқа ауылдарда да бар. Бірақ ең көбі осы екі ауыл. Кеше 102 мың гектар жер уланды. Аудан орталығы Жүргеновтің өзінде күн дауыл, жел. Ол кезде уламайды. Себебі нәтиже болмайды»,— деді Әйтеке би ауданы әкімінің міндетін атқарушы Арман Алдаберген.

Ал Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясы өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекцияның хабарлауынша, биыл шамамен 670 мың га жуық жер үйірлі шегірткелерге қарсы өңделеді. Олар Әйтеке би, Ойыл, Темір, Хромтау, Шалқар, Ырғыз аудандары. Көп жерде италиялық шегірткеге қарсы улау жүргізіледі.

«Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ Ақтөбе облыстық филиалының хабарламасына сәйкес, биыл 16 мамыр күні Ақтөбе облысының Шалқар ауданы орталығында, 17 мамыр күні Ырғыз ауданының орталығы мен Қызылжар, Құмтоғай ауылдық округтерінде, 18 мамыр күні Ойыл ауданы Қараой ауылдық округінде, 25 мамыр күні Хромтау ауданы Бөгетсай, Қопа ауылдық округтерінде және 26 мамыр күні Темір ауданы Саркөл округінде, Әйтеке би ауданында италиялық шегіртке дернәсілдерінің жаппай шығуы тіркелді.

Химиялық өңдеу жұмыстары Шалқар ауданында 22 мамыр, Ырғыз ауданында 23 мамыр, Ойыл ауданында 26 мамыр, Әйтеке би ауданында 31 мамыр және Темір, Хромтау аудандарында 1 маусым күні басталды.

Қазіргі уақытта, 11 жерүсті желдеткіш бүріккіштер,10 аэрозольды генератор, 3 дана АН-2 ұшағы, 3 жеңіл ұшақ химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

TuraNews

Back to top button