
Маңғыстау облысы әкімдігі және Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TİKA) ынтымақтастығымен өткен фестивальге түркі әлемінің түкпір-түкпірінен дәстүрлі қолөнер және этникалық сән саласындағы танымал тұлғалар қатысты. Шара аясында көрмелер, шеберлік сыныптары мен сән көрсетілімдері ұйымдастырылды.
Ақтау амфитеатрында өткен сән көрсетілімінде түркі әлемінің дизайнерлері дәстүрлі мотивтерді заманауи сызықтармен үйлестіріп, жібектен киізге дейінгі мәдени тақырыптарды сахнада ұсынды. Түркиядан келген дизайнер Гөзде Ішбілір мен Измир техникалық институтының дәстүрлі киім топтамалары көрермендердің ықыласына бөленді.
Фестивальдің ашылуында ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев әйелдер тақырыбының маңыздылығына тоқталып: «Әйелдер – түркі әлемі өркениетінің тасымалдаушысы! Қолөнермен әшекейленген әрбір мотив тек эстетикалық элемент қана емес, сонымен қатар біздің болмысымыз бен тарихымыздың айнасы» деді. Раев бұл шараның тек сән көрсетілімі ғана емес, сонымен қатар түркі әлемінің ортақ мәдениетін сақтауға арналған маңызды мәдени кездесу болғанын атап өтті.
Шараға ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Сабри Алптекин, Өзбекстан Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Жамолиддинхожа Абдукаримов қатысты.
Фестиваль Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Венгрия, Моңғолия және Солтүстік Македония сияқты 13 ел мен аймақтан қатысушыларды жинады. Бұл ауқымды жоба Жібек жолының мәдени мұрасын сән тілі арқылы түсіндіріп, түркі әлемінің көркемдік қуатын ашты. Сондай-ақ, шарада дәстүрлі техникамен дайындалған 12 метрлік алып киіз кілем көрмеге қойылды, ол жыл бойы Ақтауда көпшілік назарына ұсынылатын болады.