Шара түркі әлемінен келген би ұжымдарын бір алаңға жинап, дәстүрлі би мәдениетін сақтап, оны болашақ ұрпаққа жеткізуді мақсат етеді, деп хабарлайды TuraNews.kz порталы ТҮРКСОЙ ұйымының ресми сайтына сілтеме жасап.
Салтанатты ашылуда Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев, Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов және ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев бастаған өнерпаздар мен қонақтар қатысты.
ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев өз сөзінде бұл фестивальдің түркі халықтары арасындағы мәдени байланыстарды нығайтатын маңызды алаң екенін атап өтті. Ол:
«Бүгін кешке бізді өнердің ортақ тілімен табыстырған бишілерімізге, көрермендерге және осы шараға атсалысқан баршаға алғыс айтамын. Түркі әлемінің бірлігін нығайтатын осындай мәдени іс-шаралар одан әрі жалғасын таба береді деп сенемін», – деді.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев өз сөзінде фестивальдің ұлттық би өнерін халықаралық деңгейде таныстыруға және түркі халықтары арасындағы мәдени байланысты арттыруға үлкен үлес қосатынын айтты. «Біз бұл фестивальге қатысып жатқан өнерпаздар тек өзара тәжірибе алмасып қана қоймай, жаңа шығармашылық табыстарға да қол жеткізетініне сенеміз», – деп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Фестивальдің ашылуында Қазақстанның тұңғыш көпұлтты ән және би ансамблі – «Бірлік» өнер көрсетті. Ансамбль қазақ халық биінің символына айналған «Қара жорға» биімен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Көрермендер де биге қосылып, ұлттық мәдениетке деген қызығушылықтары мен сүйіспеншіліктерін білдірді.
Екі күнге жалғасатын фестиваль аясында тоғыз түрлі би ұжымы өнер көрсетеді. Айта кетейік, бұл шара түркі әлемінің ортақ мәдени құндылықтарын би арқылы дәріптеп, халықтар арасында шығармашылық байланыс орнатуды көздейді.