АҚШ-тағы COVID-19 пандемиясы: алдын алу және қалпына келтіру
«Пандемия сабақтары: Қазақстан тәжірибесі» халықаралық форумы (QazBioPharm) барысында спикерлер мен қатысушылар Қазақстанның COVID-19 пандемиясымен күрестегі тәжірибесін, биологиялық қауіптердің алдын алу мен болжаудағы тетіктері мен стратегияларын, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін COVID-19-ға қарсы жаңа препараттар мен құралдарды әзірлеу жөніндегі озық технологиялары туралы пікірлерін талқыға салуда. Бағдарламаға орай «Орегон денсаулық және ғылым университетінің эмбриональды жасушалық және гендік терапия» орталығының директоры Шухрат Миталипов «Америка Құрама Штаттарындағы COVID-19 пандемиясы: алдын алу және қалпына келтіру» тақырыбында баяндама жасады, деп хабарлайды Turanews.kz.
Баяндама мақсаты АҚШ – ның пандемия кезіндегі әрекеттерін, COVID – 19 вакцинациясы бағдарламасының елге тиімділігін көрсету. Баяндама SARS-CoV-2 вирусының шығу тегі және таралуы жайында айтылумен басталды. 2023 жылдың наурызындағы мәліметке сәйкес дүние жүзінде 760 миллион адам COVID-19 жұқтырған, 7 миллион адам қайтыс болды. АҚШ – да 100 миллион адам COVID-19 жұқтырды, 1,1 миллион адам қайтыс болған екен. Вирустың ерекшелігіне тоқтала келе, баяндамашы оның симптомсыз және ауа тамшылары арқылы жұғатынын сипаттап көрсетті. Сонымен қоса, «SARS-CoV-2’s family tree» деген атаумен вирустың бірнеше түрлері аталған схеманы ұсынды. Баяндама барысында вакцинаны әзірлеуге кеткен уақыт мөлшері 12 айды құрағанына тоқталады. Бұл алдыңғы жылдардағы жұқпалы аурулармен күрес кезіне қарағанда біршама жылдам орындалғанын байқауға болады. Мәселен, іш сүзегі ауруына қарсы вакцинаны ойлап табуға 105 жыл кеткен. Қызылша ауруына қарсы вакцинаның өзін әзірлеуге ғалымдарға 10 жыл қажет болғанын сөз етті. АҚШ – да COVID – 19 вакциналарын қолдану миллиондаған адам өлімінің алдын алған маңызды шара екендігіне баса назар аударды. «Вакцинациясыз инфекция 1,5 есе, ауруханаға жатқызу 3,8 есе және өлім – жітім 4,1 есе көп болар еді» – деп «Орегон денсаулық және ғылым университетінің эмбриональды жасушалық және гендік терапия» орталығының директоры Шухрат Миталипов баяндамасын қорытындылады.
Еске cалайық, 2023 жылдың 29 мамырында Елордада «Пандемия сабақтары: Қазақстан тәжірибесі» атты Халықаралық форум (QazBioPharm) өтуде. Оның мақсаты COVID-19 коронавирус инфекциясы мысалында пандемиялық қатерлерді кешенді еңсеру жөніндегі шаралардың институционалдық жадын сақтау, пандемия кезеңінде биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде мемлекеттік және өзге де органдар мен ғылыми ұйымдардың тиімді қызметін ынталандыру.