АҚШ-та бұрын-соңды болмаған қатал қыс: 23 адам көз жұмды
Қатты аязға ұласқан қысқы суық пен дамылсыз жауған қар шамамен 250 млн адам тұратын АҚШ аумағының басым бөлігін (ел халқының үштен екісі) қамтыды, деп хабарлайды Turanews.kz, ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
АҚШ-тың 12 штатында ауа райының қолайсыздығына байланысты ескерту жарияланды.
Қатты аяз, екпінді жел мен қалың қар 23 адамның өліміне себеп болды.
Елде бір жарым миллионнан астам адам жарықсыз қалды, өткен жұмада жүздеген рейс тоқтатылды.
Қатты дауыл Техастан Квебекке дейінгі 3200 км аумақты қамтыды.
АҚШ-тың Ұлттық метеорологиялық қызметі мұндай суық ел тарихында бұрын-соңды болмағанын айтады. Суық ауа райы елдің барлық аумағын қамтыды.
«Жарылғыш циклон» АҚШ-Канада шекарасына, Ұлы көлдер аймағына қарлы боран әкелді.
Канаданың басым бөлігі де қысқы дауылдың құрсауында қалды.
Қар шамадан тыс көп жауғандықтан ауа райы жылынған жағдайда сел жүру қаупі бар.
Қысқы боран құрбандарының арасында жол апатынан қаза тапқандар да бар. Ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдардағы жағдай біршама қиындаған.
АҚШ Ұлттық ауа райы қызметі осы аптаның соңына қарай елдің кейбір аймақтарында ауа температурасы минус 45 градусқа дейін төмендейтінін хабарлады.