Анталияда жүзге жуық жолаушысы бар ресейлік ұшақ өртке оранды
Анталия әуежайында ресейлік Sukhoi Superjet 100 ұшағы өртенді
Ресейлік телеграм арналарының хабарлауынша, 24 қарашада Анталия әуежайына қонғаннан кейін Сочиден келген Azimut әуе компаниясының Sukhoi Superjet 100-95LR бортында өрт шыққан.
Алдын ала мәлімет бойынша, Сочиден ұшып келген ұшақтың қозғалтқыштарының бірінен өрт шыққан. Анталияда қалың қар жауып, метеорологиялық жағдайға байланысты қону қиын болған. Әуе компаниясы өкілінің айтуынша, ұшақ «желдің қозғалуының» салдарынан қатты қонған.
Түркияның көлік министрлігінің мәліметінше, төтенше жағдай кезінде бортта 89 жолаушы, 6 экипаж мүшесі болған. Зардап шеккендер жоқ. Ұшақ командирі адамдарды үрлемелі баспалдақтар арқылы эвакуациялауды шешкен.
“Қаза тапқандар мен жараланғандар жоқ. Біз ұшу-қону жолағындағы жағдай қалыпқа келгенше келген ұшақтарды басқа әуежайларға бағыттадық. Өрт ұшақтың сол жақтағы қозғалтқышынан шықты”, – деді Анталия әуежайының азаматтық әкімшілігі басшысының орынбасары Суат Сейитоглу.
Жолаушылардың бірі ұшақтың 40 минуттай төмен түскенін айтты. Ұшу кезінде ұшақтан гуілдеген дыбыс шыққан. Әуежайда ұшақтың тежегіші кенет басылып, бірден ұшу-қону жолағына қонды. Ұшақтың іші түтінге толып кетті.
Кейін куәгерлер ұшақтағы жанармай төгіліп, өрт шыққанын көрген.
Mash Telegram-арнасының мәліметінше, ұшақ жерге қонар кезде сол қанатымен соғылған. Салдарынан өрт шыққан.
Өртті әуежайдың жерүсті қызметінің қызметкерлері тез арада сөндірді. Төтенше жағдай салдарынан әуежайда ұшу-қону жолағы жабылды. Басқа ұшақтардың қонуы тоқтатылып, бірқатар рейстер кейінге шегерілді.