ӘлемТуризм
Trending

Анталия – тек жағажай емес, төрт маусымдық бағыт

2026 жылы Анталия жазғы демалыспен ғана шектелмейтін, төрт маусым бойы қызық ұсынатын бағыт екенін тағы бір дәлелдеп отыр.

Көпшілік үшін Анталия – жаз, теңіз және жағажай. Бірақ соңғы жылдары бұл қала мүлде басқа қырынан ашылып келеді. 2026 жылға қарай Анталия өзін тек жазғы курорт емес, қыста да, көктемде де демалуға болатын төрт маусымдық туристік бағыт ретінде танытып отыр. Әсіресе отбасымен саяхаттайтындар мен балалы туристер үшін қалада теңізден бөлек қызық жеткілікті.

The Land of Legends

Анталиядағы ең танымал орындардың бірі – Белекте орналасқан The Land of Legends. Бұл – жай ғана ойын-сауық паркі емес, тұтас бір ертегі әлемі. Биік аттракциондар, аквапарк, балаларға арналған мультфильм кейіпкерлері, кешкі шоу бағдарламалар – барлығы бір жерде. Қыста да жұмыс істейтін кешен отбасылық демалысты оңай жоспарлауға мүмкіндік береді. Қонақүйлерінің өзі ойын-сауықтың жалғасы іспетті: бала да, ата-ана да жалықпайды.

The Land of Legends

Ал тыныш, танымдық демалысты қалайтындар үшін Анталияда Dokumapark бар. Бұрынғы фабрика аумағында орналасқан бұл парк бүгін мәдени кеңістікке айналған. Мұражайлар, ашық аспан астындағы шағын Түркия картасы, ретро көліктер көрмесі – барлығы бір серуеннің ішінде. Жазғы аптапта немесе қыстың салқында бұл жер демалып, ой жинауға таптырмас орын.

Dokuma Park

Қалаға келгенде Анталия аквариумын да айналып өтпеу керек. Жабық кеңістікте орналасқандықтан, ауа райына тәуелді емес. Ұзын әйнек туннель арқылы өтіп, теңіз астындағы өмірді тамашалау – әсіресе балалар үшін ерекше әсер. Мұнда қар әлемі, мұз мүсіндері, шағын кинотеатр мен ойын аймақтары да бар, сондықтан бір жарты күн қалай өткенін байқамай қаласыз.

Анталия аквариумын

Белсенді демалысты ұнататындар үшін Анталия маңында ашық аспан астындағы приключение парктері жеткілікті. Орман ішінде арқан жолымен жүру, зиплайн, өрмелеу, ал теңізден сәл әріректе вейкбордингпен айналысуға болады. Мұндай орындар Анталияның тек «жай демалыс» емес, қимыл-қозғалысты жақсы көретіндерге де лайық екенін көрсетеді.

Hipnotics

2026 жылдан бастап Анталияда тағы бір ерекше нысан – Butterfly World Antalya ашылмақ.

Butterfly World Antalya

Мыңдаған көбелек еркін ұшатын тропикалық бақ, жасыл өсімдіктер, шағын сарқырамалар мен балаларға арналған экологиялық сабақтар – бұл жер қаладағы ең тыныш әрі әсем орындардың біріне айналуы мүмкін.

Анталия бүгінде «жазды күту керек» деген түсінікті өзгертіп жатыр. Қыста да жылы, көктемде де жайлы, ал ойын-сауық пен мәдени нысандар жыл бойы ашық. Сондықтан бұл қала теңізді емес, әсерді іздейтін саяхатшылар үшін де тамаша таңдау.

TuraNews

Back to top button