Әлем

Анкарада Түркия-Қазақстан достық саябағы ашылды

Салтанатты шараға Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов пен Түркия Ұлттық Мәжілісінің басшысы Мұстафа Шентоп қатысты.

Ерлан Қошанов Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының ХІІ пленарлық отырысына қатысу үшін Түркияға жұмыс сапармен барды. Екі күнге созылатын сапар аясында кездесулер өткізіп, бірқатар іс-шараларға қатысу жоспарланған, деп жазады Turanews.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Мәжіліс төрағасы Анкарада Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысының төрағасы Мұстафа Шентоппен бірге Қазақстан-Түркия достық саябағының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Іс-шара Түркия Республикасының 100 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мәжіліс төрағасы барша түрік халқын торқалы тоймен құттықтап, бақ-береке тіледі.

«Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас кеңейтілген стратегиялық ынтымақтастық деңгейіне жетіп, барлық салада қарқынды дамып жатыр. Оған, әрине, мемлекеттеріміздің басшылары Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Режеп Таийп Ердоғанның нәтижелі келісімдерінің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Алдағы уақытта да біз көшбасшыларымыздың екіжақты ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған жұмысын Парламент деңгейінде жалғастыратын боламыз», – деді Ерлан Қошанов.

Source
ҚазАқпарат

TuraNews

Back to top button