Түркі әлемінің жастары – келешектің зияткерлік капиталы. Анкарада өткен түркі елдері жастарының кездесуі осындай рухты ұранмен аяқталды. Іс-шарада бауырлас елдердің жастары ырғақты әуен арқылы бірлікті дәріптеп, күмбірлеген күймен ортақ құндылықты жеткізді, деп хабарлайды 24.kz.
Президенттік ұлттық кітапханада бауырлас елдердің мәдени құндылықтары бір арнаға тоғысты, ортақ рух сезілді. Қазақ, түрік, өзбек деп бөлінбей, 500-ге жуық жас бір шаңырақ астында бас қосты. Сондай-ақ жиынға қатысқан жергілікті мемлекеттік құрылым өкілдері түркі елдері арасындағы гуманитарлық байланысты нығайтудың, түркі интеграциясының жастар арасындағы маңыздылығына тоқталды.
Рамазан Изол, Түркі әлемі жастар қорының төрағасы:
— Біз Түркі Дүниесі Жастар Қорын жастар арасындағы ынтымақ-бірлікті, бауырмалдықты нығайту мақсатында құрдық. Бүгін сол ауызбірлікті қалыптастыра алсақ, ертең Түркі дүниесінің күш-қуаты одан да мықты, бауырластығымыз әлдеқайда берік болмақ. Өйткені қазіргі түркі дүниесінің жастары – ертеңгі мемлекет саясатын қалыптастыратын тұлғалар.
Жиында ортақ құндылықтар дәріптеліп, бауырлас елдердің өнері бір сахнада өрілді. Ән мен күй, ұлттық би мен заманауи орындаулар көрерменге түркі халықтарының терең тамырын, рухани жақындығын сездірді.
Елмира Шендуран, музыка және би ансамблінің жетекшісі:
— Негізі біз бүкіл түркі дүниесіне әсіресе, әрине, мен өзім қазақ болғаннан кейін қазақтың күйін, қазақтың биі мен әнін көптеу танытқым келеді. Сол үшін талмай еңбектенеміз.
Әли Асқар, музыка және би ансамблінің мүшесі:
— Әрине, мәдениеттің бірге болуы, мәдениеттік жадтың қайта жаңғыруы, бір бірімізді жақсырақ танимыз музыканың арқасында, мәдениеттің арқасында. Біз мұның бір бөлшегі болғанымызға, біз осыған үлескер, себепкер болып жүргенімізге қуаныштымыз.
Шарада түркі дүниесіне кеңінен танылған ноғай өнерпазы Арсланбек Сұлтанбеков өнер көрсетті. Ол жақын арада репертуары қазақтың «Сүгір» термесімен толығатынын айтты.
— Қазір плейбигімде «Сүгір» бар, одан соң бір концертке барсақ қазақтың жырларын мен ноғай болып жырлап, қазақ халқына естірген маған бір қуаныш.
Кешке қатысқан өнерпаздар осындай басқосулар түркі әлемінің жастары арасындағы ынтымақты арттыруға ықпал ететінін айтты.
— Бұл біздің ортақ шаңырағымыз үшін қол ұшын созып, барлығымыз тек қана қазақ емес, барлығымыз түркі әлеміндегі бауырмашылығымызды кеңейтіп, оны молынан көрсетіп, үлкен жетістіктерге бірге жету.
Анкарадағы бұл басқосу – Түркі мемлекеттері арасындағы туыстық қарым-қатынасты жастар деңгейінде нығайтуға бағытталған маңызды қадам,-дейді мамандар. Сондықтан мұндай іс-шаралар өңірлік тұрақтылыққа сеп болатынын, ортақ даму стратегиясына серпін беретінін айтады. Ал ұйымдастырушылар Түркі жастарының жиынын жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр.



