Анкарада Түркі әлемінің ғылыми-техникалық әлеуеті талқыланды
2023 жылдың 26 желтоқсан күні Түркия астанасында Түркі Академиясы мен Түркия Республиасының Ғылыми және технологиялық зерттеулер жөніндегі кеңесі (TÜBİTAK) бірлесіп, Түркі мемлекеттері ұйымының Хатшылығының қолдауымен «Көпжақты ғылыми әріптестік және аймақтық, жаһандық қауіп-қатерлерді еңсерудегі түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығы» тақырыбында жұмыс отырысын өткізді.
Алқалы жиынның ашылуына Түркі Академиясының президенті, професссор, доктор Шаһин Мұстафаев, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Куванычбек Өмуралиев, Түркия Республикасы Ғылыми және технологиялық зерттеулер жөніндегі кеңесінің (TÜBİTAK) президенті профессор, доктор Хасан Мандал қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Бұдан әрі отырыс бірнеше тақырыптық бағыттарда жалғасты.
Алғашқы отырыс аясында қатысушы тараптар өздерінің ғылыми-технологиялық әлеуеттері туралы баяндап, өзара ынтымақтастықты нығайту бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
Атап айтқанда, Әзербайжан тарапынан Білім және ғылым министрлігі, Ұлттық ғылым академиясы, Ғылым қоры, Түркия тарапынан Ғылым академиясы мен Ғылыми және технологиялық зерттеулер жөніндегі кеңесі, Қазақстан тарапынан Ғылым және жоғарғы білім министрлігі мен Ұлттық ғылым академиясы, Қырғызстаннан Білім және ғылым министрлігі мен Ұлттық ғылым академиясы, сондай-ақ, Өзбекстан Республикасының Ғылым академиясы, Татарстан (Ресей Федерациясы) Ғылым академиясы және жаратылыстану бағытытындағы ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері белсенді қатысып, бауырлас елдер арасындағы ғылыми интеграцияны бекемдей түсу жөніндегі ой-пікірлерін айтты.
Екінші отырыста тараптар түркі мемлекеттерінің көпжақты ғылыми әріптестік байланыстарды дамыта отырып, аймақтық және жаһандық қауіп-қатерлерді еңсерудегі мәселелер бойынша пікірлесті. Небель сыйлығының лаураеты, Солтүстік Каролина университетінің профессоры, доктор Әзиз Санжар жиынға онлайн режимде қатысып, аталған мәселеге байланысты ойларымен бөлісті.
Бұдан кейін қатысушылар дискуссия форматында еркін пікірлесіп, жаратылыстану және технология салаларында ортақ платформалар құру мүмкіндіктерін талқылады.
Бүгінгідей жаһадану жағдайында ерекше шапшаңдықпен қарыштап дамыған технология мен ғылым жан-жақты интеграциялық байланыстарды талап ететіні сөзсіз. Осы орайда тамырлас ел ғалымдарының өзара тәжірибе алмасып, ортақ жобаларды жүзеге асыруының маңызы зор.
Қатысушы тараптар нәтижелі отырысты ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта мұндай отырыстарды жалғастырып отыру керектігін айтты.