Анасынан айырылған маймыл IKEA компаниясын байытып жіберді
Жапонияның Итикава қаласындағы хайуанаттар бағында орын алған оқиға күтпеген жерден әлемдік деңгейдегі сауда трендіне айналды.
Жұрттың назарына іліккен «Панч» есімді алты айлық кішкентай маймылдың тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмады. Желіде тараған бейнежазбалар жануардың басынан кешкен қиындықтары мен жалғыздығын дүйім жұртқа паш етті.
Басында хайуанаттар бағының мамандары жетім қалған Панчты өз қамқорлығына алып, кейін өзге маймылдардың ортасына қосуға тырысқан еді. Алайда вольердегі үйір кішкентайды жатсынып, қабылдамай қояды. Осы жағдайдан соң қызметкерлер жас жануар құлазымасын деген ниетпен оған IKEA дүкенінен алынған орангутан бейнесіндегі жұмсақ ойыншықты сыйлайды. Содан бері Панч аталған ойыншықты туған анасындай көріп, қайда барса да жанынан бір елі тастамайтын болған.

Жүректі елжірететін осы бір сәттер жарияланғаннан кейін АҚШ, Оңтүстік Корея және Жапонияда швед алпауыты шығарған маймыл пішініндегі бұйымдарға сұраныс күрт артты.
The Washington Post басылымының хабарлауынша, қазіргі таңда дүкен сөрелерінде аталмыш тауар мүлдем қалмаған. Тіпті бренд өкілдері сатып алушыларды сабыр сақтауға шақырып, өнімдердің жақын арада қайта жеткізілетінін мәлімдеуге мәжбүр болды.

Ingka Group менеджері Хавиер Киньонестің айтуынша, маймақ ойыншық бұрыннан-ақ ең өтімді тауарлардың бірі еді, ал Панчтың оқиғасы оның танымалдылығын рекордтық деңгейге көтерді. Осылайша, бір ғана мақұлықтың тағдыры әлемдік компанияға миллиондаған доллар пайда әкеліп отыр.



