Басты

Аң патшасымен айқас: Түркияда фермер арыстанмен бетпе-бет келді

Антальядағы зообақта арыстан тордан шығып, ер адамға шабуыл жасады.

Анталия облысының Манавгат ауданында тосын оқиға тіркелді, деп жазады Hürriyet басылымы.

«Арыстандар мекені» атты хайуанаттар бағындағы тордан қашып шыққан Зевс есімді еркек арыстан 53 жастағы Сүлеймен Кыр есімді фермерге шабуыл жасады.

Оқиға 6 маусым күні таңғы сағат 5 шамасында, Манавгаттағы Ылыджа ауылының маңында болған.

Сүлеймен Кыр сол сәтте бау-бақшасын суарып жүрген. Алып арыстан кенеттен тап беріп, оны балтырынан және мойнынан тістеп, жерге құлатқан.

«Біз арпалыстық, бір-бірімізге жабыса кеттік. “Көмектесетін ешкім жоқ па?” деп айғайладым. Сол кезде оның мойнын шап беріп ұстап алдым. Қолымда қысып тұрдым. Егер аздап әлсіз болсам, қазір тірі болмас едім», – деді Сүлеймен Кыр .

Сүлеймен Кыр жануарлар паркінің маңында, шамамен бір шақырым жерде жұмыс істеген.

«Арыстан оқиға орнынан кейінірек табылып, қауіпті жағдайдың алдын алу мақсатында аңшылардың көмегімен залалсыздандырылған. Қазір жарақат алған азамат ауруханада жатыр» ,  — деп жазады басылым.

Ал Зевс қашып шыққан хайуанаттар бағы жергілікті әкімдік тарапынан уақытша жабылып, мөрленді. Бұл оқиға ел ішінде хайуанаттар бағындағы қауіпсіздік шараларына қатысты жаңа сұрақтар туындатты.

 

TuraNews

Back to top button