Мәдениет

Алматылық музей мамандары Түркияның жетекші орталықтарында тәжірибе алмасады

«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» Дүниежүзілік гидтер күніне орай «Алматы – музейлер қаласы» атты кәсіби байқау өткізді. Гидтердің біліктілігін арттыруды және заманауи экскурсия әдістерін дамытуды көздеген бұл доданың жеңімпаздары үшін биыл ерекше мүмкіндік туып отыр.

Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының қолдауымен үздік шыққан мамандар Түркия Республикасының ең ірі музейлерінде тағылымдамадан өтіп, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасу құқығына ие болды.

Салтанатты марапаттау рәсімінде Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев қатысушыларға алғыс айтып, белсенділігі үшін ризашылық білдірді. Ал ТҮРКСОЙ ұйымының Қазақстандағы өкілі Нышанкүл Қаратаева ұйымның Бас хатшысы Сұлтан Раевтың атынан жеңімпаздарды құттықтап, оларға халықаралық тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беретін арнайы сертификаттарды салтанатты түрде табыстады.

Шара барысында сала мамандарының еңбегі де ерекше еленіп, «Алматы қаласы музейлер бірлестігінің» Халықаралық байланыс бөлімінің басшысы Алтынжан Қожамұратова түркі дүниесінің мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан зор үлесі үшін «ТҮРКСОЙ» медалімен марапатталды. Бұл бастама еліміздің музей ісін халықаралық деңгейге көтерудегі маңызды қадам болмақ.

TuraNews

Back to top button