Алматыдан 212 км қашықтықта жер сілкінді
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясы» ЖШС-ның сейсмикалық стансалар желісі 6 қазан күні сағат 00.43-те жер сілкінісін тіркеді, деп жазады TuraNews.kz.
Жерасты дүмпуінің ошағы Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 212 шақырым жерде, Қырғызстан аумағында орналасты.
Энергетикалық санаты – 9.9. MPV магнитудасы – 4.2. Эпицентр координаттары – 42.00° с.е. 79.93° ш.б. Тереңдігі – 15 шақырым. МSК-64 бағаны бойынша тербелістің сезілуі туралы мәлімет түспеген.
Еске салайық, 1 қазанда алматылықтар жер сілкінісін сезінген болатын. Жерасты дүмпуі түнгі сағат 03:30-да тіркелді.
«Зақым болған немесе қираған жағдай байқалған жоқ, ахуал тұрақты. «112» және «101» жүйелеріне тұрғындардан қоңырау түскен жоқ.
«Сейсмологиялық тәжірибе әдістемелік экспедициясы» ММ сейсмикалық станциялар желісінің дерегінше, зілзала ошағы Алматы қаласынан оңтүстікке қарай 122 шақырым жерде Қырғызстан жерінде орналасты», – делінген еді Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінде.