«Түркі дүниесі жастары» атты форум аясында іске қосылған медиа кеңістік түркітілдес халықтар арасындағы қарым-қатынасты арттырып, мәдени, ғылыми ынтымақ аясын кеңейтуге бағытталып отыр. Іс-шара Алматыда алғаш рет ұйымдастырылды. Оған АҚШ, Румыния, Қырғызстан, Моңғолия, Болгария, Түркия, Әзербайжан секілді әлемнің 25 елінен 200-ге жуық жас қатысты.
«Түркі әлемінің медиа өкілдерін жұмылдыратын орталықта ғылыми-практикалық дөңгелек үстел, конференция, баспасөз мәслихаты, ғылыми-әдістемелік мәжілістер ұйымдастырылады. Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған форум аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жастар саясатын дамыту бойынша тапсырмасына сәйкес, түркітілдес халықтар арасындағы бауырластық, достық қарым-қатынасты арттыру, мәдени, ғылыми ынтымақтастық аясын кеңейтуге бағытталған», – деді ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының меңгерушісі Орынтай Ошанова.
«Түріксой» медиа орталығының ашылуына Түркия Республикасының Мәдениет және Туризм вице-министрі Сердар Шам, Түркияның Жастар және спорт министрі Осман Ашкын Бак, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы-Ректор Жансейіт Түймебаев, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмет-Заки қатысып, лентасын қиды.