БастыҚоғамМәдениет

Алматыда Түркі дүниесі жастарының форумы басталды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде І халықаралық түркі дүниесі жастарының форумы басталды.

Тұңғыш рет ұйымдастырылып жатқан ауқымды шараға қатысу үшін 25 мемлекеттен 200-ге жуық жастар келді. Форумның алғашқы күні жастарға арналған мотивациялық сұхбат пен пікірталас отырысы өткізілді.

Іс-шараға Түркияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Шетелдердегі түріктер және туысқан қауымдар басқармасының басшысы Абдуллах Ерен, химия саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері Азиз Санджар, Түркия Республикасы Президенті жанындағы мәдениет және өнер саясаты жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Искендер Пала, ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректорының м.а. Сәбит Суатай, дипломатиялық және консулдық өкілдіктер қатысты.

Шарада «Түркіменстан және Түркі әлемі балалар суреттер байқауының» жеңімпаз суреттерінің көрмесін тамашалаудан басталды. Одан кейін 2015 жылғы химия саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері, түрік ғалымы Әзиз Санжардың бейнежолдауы көрсетілді.

Азиз Санджар өз сөзінде: «Түркі мемлекеттерінің жастары бір мақсатта жұмыс істеп, әрқашан бір жолда болуы маңызды. Сонда ғана түркі елдерінің қарым-қатынасы нығайып, қарқынды дамиды. Түркі дүниесінің одан әрі дамуы бәріміз үшін үлкен жетістік. Осы тұрғыда жастар үшін осындай ауқымды форумдар мен конференциялар өткізу өте қажет», – деп атап өтті.

Форумға қатысуға келген жастар кездесуде спикерлерге түрлі сұрақтар қойып, тұшымды жауап алды. Сондай-ақ еркін форматта өткен жиында қатысушылар өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Сонымен қатар форум аясында Алматы қаласының көрікті жерлеріне экскурсия ұйымдастырылды. Жастар Қазақстанның табиғи байлығы мен туристік әлеуеті туралы мол мағлұмат алды.

Айта кетейік, І халықаралық түркі дүниесі жастары форумының салтанатты ашылу рәсімі 22 қараша күні өтеді. Үш күнге жоспарланған форумды ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірлесіп ұйымдастыруда.

Via
www.farabi.university

TuraNews

Back to top button