Алматыда Орталық Азиядағы тұңғыш «Арқалан» петроглифтер саябағы ашылады
Алматының бас ботаникалық бағында Орталық Азиядағы тұңғыш «Арқалан» петроглифтер саябағын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды TuraNews.kz informburo.kz-ке сілтеме жасап.
«Арқалан» петроглифтер саябағы – әлемде теңдесі жоқ бірегей нысан. Онда қазақ суретшісі Санжар Жұбановтың интерпретациясындағы түркі петроглифтерінің көшірмелері мен түркі мифологиясын пайдаланатын заманауи өнер нысандарының галереясы ұсынылған. Жобаның мақсаты – Қазақстан тарихын насихаттау және сақтау, – деді «Петроглифтер аңшылары» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры әрі үйлестірушісі Ольга Гумирова.
Саябақ Алматы қаласының бас ботаникалық бағының оңтүстік-шығыс бөлігінде «Қазақстан» экспозициясының аумағында орналасады. Оның ауданы шамамен 2500 шаршы метрді құрайды. Мұнда Қазақстанның дала өсімдіктерінің топтамасы да қойылады.
«Арқалан» петроглифтер саябағы еліміздің тарихына тура мағынада әсер етудің бірегей мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың заманындағы өсімдіктер әлемін көруге мүмкіндік береді. Мұндай көрініске куә бола отырып, осының бәрін болашақ ұрпаққа қалай сақтау керектігі туралы еріксіз ойланасыз, – деді Алматы қаласы бас ботаникалық бақтың маркетинг және даму бөлімінің директоры Баян Қоспенбетова.
«Арқалан» саябағының көркем нысандарының авторлары – петроглифші Санжар Жұбанов пен мүсінші Саид Айнеков.
Саябақтың петроглифтеріне Қазақстанның әртүрлі киелі жерлерінен арнайы таңдап алынған түркі дәуірінің шынайы суреттері негіз болды. Менің мақсатым – ата-бабамыздан бізге мұра болып қалған бейнелердің барлық сұлулығы мен әсемдігін замандастарыма көрсету, – деді Санжар Жұбанов.
Саябақты құруға «Петроглифтер аңшылары» қоғамдық бірлестігінің еріктілері де қатысуда. Олар Санжар Жұбановқа қажет тастарды саябаққа жеткізіп берген.
Қазір бүкіл әлемде ғылыми волонтерлік күшейіп келеді. Бұл арнайы білімі жоқ, бірақ оқу пәніне шын көңілмен қарайтын адамдар жүргізетін зерттеу әрекеті. Солардың арқасында көптеген тың жаңалықтар ашылып, тарихи орындар сақталып отыр, – деді «Петроглифтер аңшылары» волонтері, Бекен ата қорының атқарушы директоры Бекбол Нұрмұханбетов.