Алматыда Мұрат Әуезовпен қоштасу рәсімі өтті
Қоштасу рәсіміне халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері мен қазақ зиялылары, марқұмның туған-туыстары қатысты.
Мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Мұхтарұлы Әуезовпен қоштасу рәсімі Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында өтті.
Іс-шараға арнайы келген Қазақстан Респубшикасы президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев мемлекет басшысының көңіл айту хатын оқыды.
«Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттанушы, шығыстанушы ғалым, бірінші дәрежелі Барыс орденінің иегері, дипломат Мұрат Мұхтарұлы Әуезовтің дүниеден өтуіне байланысты қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Мұрат Мұхтарұлы ұлт руханиятының алға басуына, қазақ ғылымының көкжиегін кеңейтуге бар саналы ғұмырын арнаған зиялы, парасатты тұлға еді. Қазақ әдебиеті мен мәдениетін, тарихын терең зерделеп, сонда өлшеусіз мұра қалдырды. Қазақстанның халықаралық дәрежедегі беделінің артуына өзінің саяси қоғамдық істерімен зор үлес қосты», – делінген Мемлекет басшысының көңіл айту хатында.
Ал ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев өз сөзінде “ Мұрат Әуезов қазақ мәдениетіне, қазақ өркениетіне, сондай-ақ түркі әлеміне үлкен үлес қосқан тұлға. Ол саналы ғұмырында түркі халқының бірлігі мен мәдени интеграциясы үшін баға жетпес еңбек етіп, түркі әлемінің бауырластығы мен достығына айтарлықтай еңбек етті», — деді.