Алматы облысында үш ауысымды мектептер мәселесі шешілуде: биыл 26 жаңа білім ошағы ашылады».
Алматы облысында биыл 37,6 мың бала бірінші сыныпқа барды. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер мәселесі өзекті күйінде қалып отыр: облыста мұндай 37 білім ошағы бар.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев мәлім етті.
– Осы мәселені шешу үшін «Жайлы мектептер» ұлттық жобасы аясында биыл 24,9 мың орындық 26 мектептің құрылысы басталды. Жыл басынан бері 9 мың орындық 9 мектеп, оның ішінде Болат Өтемұратов қоры қаржыландырған екі мектеп пен Еңбекшіқазақ ауданында «Алтын адам» серіктестігінің жеке инвестициясымен салынған бір жарым мың орындық мектеп ашылды, деді Алматы облысының әкімі.
Ол жыл соңына дейін 6,3 мың орындық тағы бес оқу орнын пайдалануға беру жоспарланып отырғанын айтты.
Соңғы үш жылда білім саласына 965 миллиард теңге бөлінді. 78 мектеп жаңартылды, оның 62-сі күрделі жөндеуден өтті. Былтырдан бері 143 мың оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Қабылданған шаралардың арқасында білім сапасының деңгейі 66,4 пайыздан 67,9 пайызға көтерілді, деп атап өтті Марат Сұлтанғазиев. Сондай-ақ мектепке дейінгі мекемелерде сабаққа қатысуды тіркеудің QR-код жүйесін енгізу 800 миллион бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді.