Экономика

Алматы облысында жүгері өнімділігі рекорд жаңартты

Алматы облысы ауыл шаруашылығының қарқынды дамуы ел экономикасының жетекші күштерінің бірі екенін тағы да дәлелдеді.

Биылғы аграрлық маусымда егістік алқаптарының көлемі азайғанымен, өнімділік рекордтық деңгейге жетіп, жаңа технологиялар мен инновациялық жобалардың арқасында салаға тың серпін берілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Досжан Жүзбаев мәлімдеді, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Облыстағы егістік көлемі 419,5 мың гектарды құрады. Қазіргі таңда өңірдегі 132 мың гектар алқаптан 357 мың тонна өнім жиналды.
Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, биыл ең көп егілген дақыл — жүгері. Әзірге 107 мың тоннадан астам жүгері жиналып, аймақ бұл салада жоғары көрсеткішке жетіп отыр.

“Ауыл шаруашылығында биыл жаңашыл әдістерді кеңінен қолданып, өнімділікті 30%-ға дейін арттыруға қол жеткіздік. Бұл -облысымыздың ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерінің бір ғана бөлігі”, — деді Досжан Жүзбаев.

Облыста мал шаруашылығы саласы да айтарлықтай дамып келеді. Ірі қара мал саны 609,6 мың басқа жетсе, ұсақ мал саны 2,7 миллион басты құрады. Жылқы саны да өсіп, 228,9 мың басқа жетті. Ет өндірісі 190,2 мың тоннаға дейін өсті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,6%-ға жоғары көрсеткіш. Сүт өндірісі де тұрақты өсіп, 221,8 мың тоннаға жетті.

Агроөнеркәсіптің дамуына үлес қосып отырған тағы бір маңызды бағыт — инвестициялық жобалар. Биыл жалпы құны 7,1 миллиард теңге болатын 10 ірі жоба жүзеге асырылып, оның ішінде жылыжайлар, балық шаруашылығы мен мал бордақылау кешендері кеңейтілді. Тамыз айында жылына 10 000 тонна балық өнімдерін өндіруге қауқарлы “ОспановаДевелопмент” ЖШС іске қосылды. Бұл жобаға 2024 жылға арналған инвестиция көлемі 1,7 миллиард теңгені құрады.

Спикердің айтуынша, су ресурстарын тиімді пайдалану да назардан тыс қалмады. Биыл 38 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізіліп, тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері арқылы өнімділікті арттыруға және су ресурстарын үнемдеуге ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, облыс шаруаларына қолдау көрсету мақсатында “Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында 2023 жылы 8,3 миллиард теңге бөлініп, 1 090 шағын несие берілді. Бұл қаражат ауыл кәсіпкерлеріне үлкен серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік тудырды. 2024 жылы тағы 17,6 миллиард теңге бөлініп, 2 514 шағын несие беру жоспарланып отыр. Бұл облыс тұрғындарына қосымша табыс көздерін ашып, ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлікті жаңа деңгейге көтеруге жол ашады.

TuraNews

Back to top button