Әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқан атыраулық 100 сағат көше сыпырады
Әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқан 14 жастағы атыраулықтың бас бостандығы шектелді, деп хабарлайды Turanews.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында телекоммуникация желілерін пайдаланып, қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін туғызатын көрінеу жалған ақпарат таратқан жергілікті белсендіге қатысты қылмыстық іс қаралды.
Бұл қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабының 2-бөлігінің 3-тармағымен тергелген.
«Бірінші сатыдағы соттың үкімімен Д. 2022 жылғы 3 шілдеде өз пәтерінде А. С. атымен тіркелген Facebook әлеуметтік қосымшасының көмегімен ұялы телефон арқылы қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін туғызатын көрінеу жалған, шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратқан. Ол Қарақалпақстан Республикасына митингтерді басу үшін Қазақстан әскерлері жіберілгенін, әскер жіберілген жағдайда жаппай наразылық ұйымдастыруға шақырған бейнероликті жүктеген. Сот үкімімен Д. кінәлі деп танылып, оған 100 сағат мерзімге мәжбүрлі еңбекке тарта отырып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалған еді», -деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Іс апелляцияда сот үкімінің күшін жойып, ақтау үкімін шығаруды сұраған сотталушының және оның қорғаушысының апелляциялық щағымдары бойынша қаралды.
«Сот үкімін өзгертуге немесе оның күшін жоюға негіз болмады. Сол себептен қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші сатыда соттың үкімі өзгеріссіз, апелляциялық шағым қанағаттандырылмады», -деп мәлім етті баспасөз қызметінен.
Атырауда №2 Ж.Нәжімеденов атындағы мектептің 14 жасар оқушысының «бомба қойылғаны» туралы жалған хабар бергені анықталып оқушы Атырау қалалық полиция басқармасына ата-анасымен бірге шақыртылған еді.