Қоғам

Алдағы 2 жылда Астанада 40 мектеп салынады

Алдағы 2 жылда елордада 40 мектеп салынады. Бұл туралы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Астана әкімі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды Turanews.kz порталы.

«Елорда тұрғындарының орташа жасы 30 жасты құрайды. Жыл сайын қалада 30 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Екі жыл ішінде мемлекеттік-жеке әріптестік қағидатына сәйкес жеке инвестициялар есебінен 30 балабақша салынатын болады. Екі жылда 40 мектеп салуды жоспарлап отырмыз, оның ішінде қазіргі күні жергілікті бюджет есебінен — 11 мектеп, жеке инвестиция есебінен — 4 мектеп. Сондай-ақ,биыл «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 24 мектептің құрылысын бастайтын боламыз. Бұл елордадағы оқушы орындары тапшылығы мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді» – деді қала басшысы.

Ол елордада медициналық кластер қалыптасқанына назар аудартты.

«Сапалы медициналық көмек көрсету үшін Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе 12 жоба жүзеге асырылуда: 2 перинаталды орталық пен тұрғындарға қолжетімді 8 амбулаторлық кешен, медициналық және оңалту орталықтары. Аталған іс-шаралардың барлығы Астана қаласының жаңартылған бас жоспарында және басқа да стратегиялық құжаттарда көзделген», — Жеңіс Қасымбек.

TuraNews

Back to top button