БастыМәдениет

Академия басшысы Өзбекстандағы “Мәдени мұра” апталығына қатысуда

2023 жылғы 3 шілде күні Ташкентте Өзбекстан Республикасы Мәдениет және туризм министрлігінің және Өзбекстанның мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және насихаттау жөніндегі дүниежүзілік қоғамның бастамасымен «Өзбекстанның мәдени мұрасы – жаңа Ренессанстың негізі» атты мәдени мұра апталығы, сонымен қатар «Жаңа Өзбекстан: даму, инновация және ағарту» халықаралық серіктестік бастамалар апталығы басталды.

2023 жылдың 7 шілдесіне дейін жалғасатын іс-шараларға әлемнің 60 елінен мыңнан астам қатысушылар мен қонақтар келеді деп күтілуде.

Мәдени мұра апталығының ашылу салтанаты Ташкенттегі Ивент холлда өтті. Іс-шараға Мемлекет және қоғам қайраткерлері, халықаралық және шетелдік ұйымдардың басшылары мен өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, шығыстанушы ғалымдар, сондай-ақ журналистер мен блогерлер қатысты.
Апталық аясында Өзбекстан астанасының мұражайларында «Алтын Құсан» бірегей көрмесі, Тимуридтер дәуірінің мәдени мұрасы, халықтық қолданбалы өнер шедеврлерінің көрмелері өтеді. Сондай-ақ, Өзбекстанның мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және насихаттау жөніндегі дүниежүзілік қоғам дайындаған «Кушан патшалығының қазыналары» альбом-кітабы мен деректі фильмінің тұсаукесері жоспарланған. Бағдарламада бұдан бөлек тақырыптық конференциялар, дөңгелек үстелдер, кездесулер мен презентациялар бар.

Іс-шара аясында Дүниежүзілік қоғам Ташкентте, Самарқандта және Бұхарада өтетін «Өзбекстанның тарихи тұлғалары және олардың әлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлесі» атты халықаралық форум ұйымдастырып отыр.

Тимуридтер тарихы Мемлекеттік мұражайында өткен форумның ашылу салтанатына Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Олий Мажлис Заң шығару палатасы Спикерінің бірінші орынбасары Ақмал Саидов, Өзбекстанның мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және насихаттау жөніндегі дүниежүзілік қоғамның басқарма төрағасы Фирдавс Абдухоликов, әл-Фурқан Ислам мұрасы Қорының Басқарушы директоры Сали Шахсивари, Түркия ғылым академиясының президенті  Музаффер Шекер, Тимуридтер қауымдастығының негізін қалаушы және президенті Фредерик Бопертуи-Брессан, Mueller & Schindler баспасының маркетинг және даму жөніндегі вице-президенті Александр Вильгельм, сондай-ақ танымал ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Түркі академиясының басшысы өз сөзінде Өзбекстан жері мыңдаған жылдар бойы дамыған мәдениет пен өркениеттің орталығы болғанын айтты. Сондай-ақ  мұсылман шығысындағы отаршылдыққа қарсы күрес дәуірінде Өзбекстанда және жалпы түркі әлемінде өзін Шығыстағы модернизация процесінің көшбасшысы ретінде көрсеткен заманауи зиялы қауым құрылғаны кездейсоқ еместігін атап өтті.

«Бұл ежелгі елде ғасырлар бойы қала құрылысы, ауыл шаруашылығы, өнер және ғылым өркендеді. Бұл жерлерден исламдық қайта өрлеу дәуірінің негізін қалаған Ибн Сина, әл-Хорезми, Әбу Райхан Беруни сияқты ұлы ғалымдар шықты. Айта кету керек, биыл біз Берунидің туғанына 1050 жыл толуын атап өтеміз. Әмір Темір дәуірі Ұлықбек, Әлішер Науаи сияқты әлемге әйгілі тұлғалардың қызметімен ерекшеленді. Отаршылдыққа қарсы күрес кезеңінде джадидтер мен Ахмад Дониш, Абдуррауф Фитрат, Махмудходжа Бехбуди, Абдулла Авлони және басқалар сияқты ағартушылар сол қиын кезеңнің қиындықтарына лайықты жауап берді», — деді  Ш. Мұстафаев.

Сонымен қатар, 4 шілдеде Түркі Академиясының басшысы «Өзбекстанның тарихи тұлғалары және олардың әлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлесі» атты  конференцияда сөз сөйледі. Ол түркі халықтары мұсылман өркениетіне үйлесімді түрде еніп, басқа халықтармен бірге осы өркениетті белсенді қалыптастырушыларға айналғанына және бүкіл шығыстың дамуына елеулі үлес қосқанына тоқталды.

«Ұлы билеушілерден басқа, Әбу Насыр әл-Фараби, Ұлықбек, Қожа Ахмет Ясауи, Юнус Эмре, Насими, Науаи, Физули сияқты ортағасырлық түркі ұлы ойшылдарының есімдерін және бүкіл әлемдік мәдениеттің игілігіне айналған ұлы ғалымдардың, жазушылар мен руханият өкілдерінің ондаған басқа есімдерін атап өту қажет.
Сонымен қатар, түркі халықтарының интеллектуалдық қабілеті, олардың жаңа құбылмалы тарихи жағдайларға бейімделе білуі, әсіресе, түркі халықтары арасындағы қоғамның бетке ұстар бөлігі Шығыстағы модернизациялық ағымның алдыңғы шебінде тұрғаны жаңа заманда айқын көрінді», — деп атап өтті Академия басшысы.

TuraNews

Back to top button