ҚоғамСаясат

Аида Балаева: Орталық Азия елдеріне ортақ проблеманың бірі – жалған ақпарат

Астанада ІІ Орталық Азия медиафорумы өтіп жатыр.

Kazinform агенттігінің хабарлауынша, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ақпарат қауіпсіздігіне қатысты бірқатар мәселені көтерді. 

— Онлайн-платформалардың әкімшіліктерімен пәрменді өзара іс-қимыл орнату бойынша тұрақты негізде шаралар қабылдап келеміз. Осыған дейін істелген жұмыстардың арқасында қазір Қазақстанда «Facebook», «Instagram», «Вконтакте», «Одноклассники», «Тикток», «Mail.ru» және басқа сервистердің өкілдері айқындалды. Сондай-ақ Қазақстан заңсыз контент (кибербуллинг, алаяқтық, экстремизм, порнография) пен жалған ақпаратты таратуға қарсы күресте айтарлықтай прогреске қол жеткізді. Бұл бағыттағы маңызды жетістіктерге кәмелетке толмағандарды цифрлық кеңістікте қорғауда қол жеткізілді, — деді Аида Балаева Орталық Азия медиафорумында.

Осы орайда министр 2018 жылы зиянды контентке қол жеткізуді шектеудің құқықтық тетіктерін бекіткен «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы» заң қабылданып, әлі күнге жетілдіріліп келеді.

— Сол тетіктер ақпараттық кеңістіктегі балалардың қауіпсіздігінің негіздерін қамтамасыз етуде маңызды қадам болды. Қабылданған шаралардың арқасында «балалардың ақпараттық қауіпсіздігі», «балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау», «балалардың ақпаратқа қол жеткізуі» сияқты анықтамалар пайда болды, балалар үшін тыйым салынған контенттің тізбесі бекітілді, ақпараттық өнімдерге жас шектеулері белгіленді, — дейді ол.

Сондай-ақ ведомство басшысы жалған ақпараттар тарату мәселесін көтерді.

— Масс-медианы дамытуда соңғы трендтерді ескере отырып, Орталық Азияның барлық елі үшін ортақ проблемалардың бірі — әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде анық емес ақпаратты, әртүрлі жалған ақпарат пен арандатушылық сипаттағы хабарламаларды тарату. Фейктерге қарсы күресте «Stopfake.kz» қазақстандық жобасы сәтті жұмыс істеп келеді, — деп толықтырды Аида Балаева.

Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Орталық Азия журналистер академиясы мен креативті хаб құруды ұсынды. Сонымен қатар Орталық Азия елдерінің БАҚ өкілдеріне арналған ортақ сыйлық тағайындау бастамасын алға тартты.

Айта кетейік, Астанада ІІ Орталық Азия медиафорумы өтіп жатыр. Форумға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ұлыбритания, Қытай, Қатар, Ресей және басқа да елдерден 700-ден астам делегат қатысып жатыр.

 

TuraNews

Back to top button