
Тұлпар тұяғы дүрсілдеп, жиналған жұрттың делебесін қоздырған бұл аламан – тек бәйге ғана емес, ата-бабадан мирас болған салт-дәстүр мен рухтың қайта жаңғыруы, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Бәйгеге Тарбағатай ауданына қарасты Ахметбұлақ ауылынан келген арғымақ та қатысып, көпшіліктің назарын өзіне аударды. Оның осындай додаға дайын күйде келуінде атбегі мен бапкер еңбегі айрықша. Сәйгүлікті бәйгеге қосқан Әділ Тисанов ерекше әсермен бөлісті:
— Барлығы — атбелгілердің арқасы. Әсіресе бапкеріміз Төкен Айдос пен шабандозымыз Мансұрдың еңбегі өлшеусіз. Жылдан жылға осындай аламандар жиі ұйымдастырылып тұрса деймін. Бүгінгі бәйгеге екі жүйрікпен келіп отырмыз. Шара жоғары деңгейде өтті. Бұл — қазақтың бай мұрасын, салт-дәстүрі мен мәдениетін ұлықтайтын тамаша үлгі. Катонқарағай халқына алғысым шексіз, – деді ол.
Айта кетейік, ұлттық рухты ұлықтаған бәйгенің бас жүлдесіне автокөлік табысталды. Ал 2 орынды Күршім ауданы, 3 орынды Зайсан ауданының арғымақтары алды.