Басты

Ағымдағы жылы алты ай ішінде 6,7 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

2025 жылда 6 755 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 154,8 мың этникалық қазақ оралды, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы, 45,1%-ы – Қытайдан, 41,7% – Өзбекстаннан, 5,4% – Түрікменстаннан, 2,8% – Монғолиядан, 2,4% – Ресейден және 2,6% – басқа елдерден.

Биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 59,8%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31%-ды және зейнеткерлер 9,2%-ды құрайды.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 16%-ы жоғары білімді, 27,1%-ы орта кәсіби білімді, 54,6%-ы жалпы орта білімді, және 2,3% білімі жоқ.

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.

Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Қоныстандыру өңірлерінде 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 092 қандас қоныс аударды.

Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (59-дан 118 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.

 

TuraNews

Back to top button