Адай жылқысын зерттейтін институтқа 300 млн теңге қаражат керек — Сенат депутаты
Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров депутаттық сауалында «Адай» қазақ жылқысын жеке тұқым ретінде тану және оған ресми мәртебе беру мәселесін көтерді, деп жазады Turanews.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Сенатор «Адай» жылқысын дербес тұқым ретінде мойындауға кедергі келтіріп тұрған бірнеше себепті атады.
«Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» ҚР Заңының 28-2-бабы бойынша еліміздің жылқы шаруашылығы саласында тек екі палата жұмыс істеуге міндетті. Біріншісі — спорттық бағыттағы зауыттық тұқымдар бойынша болса, екіншісі — өнім бағытындағы (ет, сүт) жылқылардың жергілікті тұқымы болуға тиіс. Алайда, қазіргі таңда өнім бағытындағы жылқылардың жергілікті тұқымы бойынша 4 палата жұмыс істейді. Осындай палаталардың көп болуының салдарынан жылқы тұқымдарына берілген «тайпалық мәртебелер» мен «куәліктер» жарамсыз деп есептелінеді. Сондықтан, «дара тұқым» деп тануға ұсынылған жылқылар пайдалану деңгейіндегі (асыл тұқымды емес) жылқылар болып қалып отыр», — деді Бекбол Орынбасаров.
Айтуынша, қазір қазақстан аумағында осы тұқымға жататын 90 мың бас қылқұйрық бар.
«Қазіргі таңда Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты жүргізіген ғылыми-экспедициялық зерттеурлердің қорытындысы бойынша Адай типтік жылқының саны 90 мыңға жуық. Аталған жылқыны өз бетінше дара тұқым ретінде сынау үшін институт ғалымдары үш өнімді зауыт желісі құрылған болатын. Жалпы селекциялық, асыл тұқымды жұмыстар жүргізуге институт 2022 жылы өзінің бюджеттен тыс қаражаты есебінен 20 млн теңге бөлді. Бұл қаражат алдағы міндетке қол жеткізуге жеткіліксіз. Негізінде селекциялық жұмыстарды ұйымдастыруға кемінде 300 млн теңге көлемінде қаражат қажет. Өйткені тек қана CNP арқылы гендік типтеу жұмыстарын жүргізуге 1800 бас референттік топты бөлу үшін орта есеппен 160 млн теңгеден астам қаржы жұмсалады», — деді сенатор.