Абай облысында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Ардағым ардагерім» акциясы бастау алды

Биыл Жеңіс туы желбірегеніне 80 жыл. Ел көлемінде аталып өтіп жатқан айтулы датаға орай, ардагерлерге құрмет көрсету, олардың ерлігін жас буынға үлгі ету – басты парызымыз.
Осы мақсатта «Абай жастары» жастар ресурстық орталығы мен «Qazaqstan Medisina Jastary» республикалық қоғамдық бірлестігінің Абай облыстық филиалының бірлесіп ұйымдастыруымен «Ардағым ардагерім» атты акциясы өтті.
Ізгілікке толы шара барысында ұйымдастырушылар тыл ардагері Ахатова Ақанның шаңырағына арнайы барып, құрмет көрсетті. Ардагермен жылы жүздесу ұйымдастырылып, жастар шынайы алғысын білдірді. Сонымен қатар ардагерге медициналық көмек көрсетілді. Шара соңында азық-түлік себеті мен сый-сияпаттар табысталды.
Кездесу барысында жастар атынан сөз алған Ерсінбек Өрлеубек ардагерге алғысын білдіріп, кейінгі ұрпақтың атынан ізгі тілегін жеткізді.
– Сіздердің еңбектеріңіз бен өмір жолдарыңыз – біздің ел тарихының бір бөлігі ғана емес, үлкен тәрбие мектебі. Біз бүгін бейбіт өмір сүрудің, еркін ой айтып, білім алып, еңбек етудің қадірін жақсы түсінеміз. Мұның бәрі – сіздер сияқты аға буынның жанқияр еңбегінің арқасы. Отан үшін аянбай еңбек етіп, қиын-қыстау кезеңдерде жұдырықтай жұмыла білдіңіздер. Біз, жас ұрпақ, сол тәлімді жалғастырып, еліміздің болашағы үшін адал еңбек етуіміз керек. Сіздерге деген алғысымыз шексіз, — деп риясыз алғысын білдірді жастар өкілі.
Ахатова Ақан өз сөзінде сол бір зұлмат жылдарды еске алып, қазіргі бейбіт заманның қадірін бағалауға шақырды.
— Соғыс жылдарында елде аштық пен ауыр еңбек қатар жүрді. Әйелдер мен балалар таңнан кешке дейін еңбек етті. Көп нәрседен таршылық көрдік, бірақ Отан үшін, елдің амандығы үшін барымызды салдық. Әрбір майданнан келген хат – үміттің сәулесі болатын, ал Жеңіс туралы хабар – бар халықтың көз жасымен қарсы алған қуанышы болды. Бүгінгі бейбіт өмірге қарап, сол күндер еске түседі. Шүкір деймін. Қазір ел тыныш, жастар білім алып, еңбек етіп жүр. Менің арманым – осы бейбіт күннің қадірін біліп, соғыс деген сөзді тек тарихтан ғана оқитын ұрпақтың көбеюі. Елге, жерге деген сүйіспеншіліктеріңізді жоғалтпаңыздар. Бірлікті, татулықты бағалаңыздар. Тек алға ұмтылып, ел игілігі үшін еңбек етіңіздер, — деді тыл ардагері.
Бұл іс-шара – тек бір ардагерге көрсетілген көмектен ғана тұрмайды. Бұл – болашаққа бағытталған тәлім мен тәрбие. Ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, өткенге құрмет, ерлікке тағзым көрсету – басты мұрат. Осындай істер арқылы ел рухын көтеріп, жас буынды отансүйгіштікке баулуға болады.
«Ардағым ардагерім» – бір күндік акция емес, бұл – жүректен шыққан алғыс пен ұзақ жылдарға жалғасар рухани көпір.