Қоғам

Абай облысында «Жасыл Ел» жастар еңбек жасағының XXI маусымы салтанатты түрде ашылды

Абай облысында жазғы еңбек маусымы аясында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Жасыл Ел» жастар еңбек жасағының XXI маусымының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Шараның негізгі мақсаты – жастардың еңбек дағдыларын қалыптастырумен қатар, олардың экологиялық мәдениетін арттыру және жазғы демалыс уақытын тиімді ұйымдастыру болып табылады.

Салтанатты іс-шара барысында еңбек жасағының маусымдық жұмысын үйлестіру, қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті дамыту және жастарды пайдалы еңбекке тарту бағытында мазмұнды кездесулер мен бірқатар акциялар ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, Ақсуат ауданында «Жасыл Ел» бағдарламасын іске асыруға арналған жұмыс кеңесі өтті. Кеңеске облыс аумағындағы барлық аудан-қалалардың жастар ресурстық орталықтарының директорлары, сондай-ақ жұмыс беруші ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиын барысында жаңа еңбек маусымының ұйымдастырылуы, жастарды маусымдық жұмыспен қамту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жұмыс берушілермен ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

Айта кетейік, 2025 жылы «Жасыл Ел» бағдарламасы аясында Абай облысы бойынша 16–35 жас аралығындағы 1000-ға жуық жасты маусымдық жұмыспен қамту жоспарланған. Жастар көгалдандыру, абаттандыру, саябақтар мен қоғамдық орындарды күтіп-баптау, ағаш отырғызу және тазалық жұмыстарымен айналысатын болады.

«Жасыл Ел» жобасы — жастарға тек маусымдық жұмыс емес, сонымен қатар туған өлкеге жанашырлықпен қарауды, ұжымда еңбек етуді, әлеуметтік жауапкершілік пен патриоттық құндылықтарды ұстануды үйрететін маңызды жоба.

TuraNews

Back to top button