Бұл – «Самұрық-Қазына» қорының Абай облысына жасаған ерекше тартуы, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Жаңа инклюзивті кітапхана жылына 15 мыңнан астам адамды қабылдауға қауқарлы. Жобаны Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қоры қаржыландырып, оған 410 миллион теңге бөлінді.
Кітапхана — еліміздегі өңірлік деңгейде салынған ең ауқымды әрі заманауи инклюзивті кеңістіктердің бірі.
Ерекше жандарға арналған толықтай бейімделген нысан
852 шаршы метр аумақты алып жатқан екіқабатты ғимарат арнайы тұтқалармен, кең дәліздермен және оңай қатынайтын есіктермен жабдықталған. Мұнда зағип және көру қабілеті төмен азаматтарға арналған бірнеше бағыттағы бөлімдер жұмыс істейді:
- Коворкинг-аймақ
- Тифлология кабинеті – смартфон мен компьютермен жұмыс істеуге үйретеді
- Брайль кабинеті – Брайль жүйесімен оқу-жазу және тактильді таяқшамен жүру дағдылары
- Аудиокітаптар қоры (қазақ және орыс тілдерінде)
- Іс-шаралар залы
- Демалыс аймағы
Келешекте кітапхана электронды каталогқа көшіріледі. Қазіргі таңда мұнда 40 мың бірегей кітап бар.
Бүгінде Семейде 1000-ға жуық, ал еліміз бойынша 90 мыңнан астам зағип және көру қабілеті төмен азамат тіркелген. Бұл кітапхана – олардың ақпаратқа, білімге және қоғам өміріне қолжетімділігін кеңейтетін маңызды қадам.