Қоғам

Абай облысында білім беру саласы қалай дамуда?

«Тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір баланың білім алуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің міндеті», - Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесін жетілдірудің маңыздылығына бірнеше рет тоқталып, сапалы әрі қолжетімді білім ел дамуының басты кепілі екенін атап өтті. Осы мақсатта білім беру саласын жаңғырту жұмыстары Абай облысында да жүйелі түрде жүргізілуде. Әсіресе, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, цифрландыру және оқушыларды сапалы тамақпен қамту бағыттарына назар аударылуда.

Бүгінде облыстағы 281 мектептің оқушылары ыстық тамақпен қамтылған, ал 8 мектепте буфеттік жүйе енгізілген. Асханасы жоқ шағын жинақты мектептерде де оқушыларды тамақтандыру қызметі ұйымдастырылған.

2025 жылы тегін тамақтанудың құны 660 теңгеге, ал буфеттік тамақтану 450 теңгеге дейін өсті. Бұл үшін 5,6 млрд теңге қаражат бөлініп, 57 мыңнан астам оқушы, соның ішінде бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал топтағы балалар тегін тамақпен қамтылды.

Сонымен қатар, өңірдегі білім беру ұйымдарына заманауи цифрлық технологиялар енгізілуде. Оқушы саны көп 90 мектепте тамақтануды есепке алу жүйесі іске қосылып жатыр. 2024 жылы бұл бағдарлама 50 мектепте енгізілсе, 2025 жылдың сәуірінен бастап тағы 40 мектеп осы жүйеге көшеді.

Қазіргі таңда 2000-нан астам ваучер тіркеліп, жүйені кеңейту жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ 209 мектеп «Бизнес-әмиян» жобасына қосылған. Аталған жоба аясында оқушылар асханаларда электронды ваучерлер арқылы төлем жасай алады.

Бұдан бөлек, білім беру нысандарының инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Абай облысының білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсем Нүскенованың айтуынша, әсіресе ауыл мектептерінің жағдайын жақсартуға баса назар аударылып отыр.

– Өткен жылы шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда 50 мектеп жаңғыртылды. Мектеп ғимараттары жөнделіп, жаңа жабдықтар сатып алынды, кітапханалар мен асханалар жаңартылды. 2025 жылы бұл жұмыстар жалғасады: 43 ауылдық мектеп күрделі жөндеуден өтіп, STEM-пәндер, биология, физика, химия және робототехника кабинеттері ашылады, – деді Әсем Нүскенова.

Мұғалімдер де назардан тыс қалған жоқ. Соңғы жылдары педагогтердің еңбекақысы кезең-кезеңімен өсіп келеді, ал 2025 жылы жалақыны тағы көтеру жоспарланған.

Абай облысында қолға алынған бастамалар өңірдегі білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеріп, оқушыларға сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасамақ.

TuraNews

Back to top button