Қоғам

ШҚО-да күзгі әскерге шақыру науқаны басталды

2025 жылғы 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін Шығыс Қазақстан облысында, еліміздің өзге өңірлеріндегі сияқты, күзгі әскерге шақыру науқаны өтеді. Бұл туралы ШҚО Қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары Жанибек Сапаров ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.

«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға сәйкес, мерзімді әскери қызметке 18 бен 27 жас аралығындағы, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе босатылуға негізі жоқ ер азаматтар шақырылады. Әскерде қызмет ету мерзімі – 12 ай.

Биыл облыстан шамамен 800 жас әскер қатарына алынбақ. Науқанды ұйымдастыру үшін 10 әскерге шақыру және медициналық комиссия жұмыс істейді. ШҚО-дан шақырылған сарбаздар елдің барлық өңірлерінде қызмет етеді.

Әскерге шақырылушыларды хабардар ету үдерісі біртіндеп цифрлық форматқа көшірілуде: шақыру пунктеріне келу туралы ескертулер SMS арқылы және eGov порталының жеке кабинеті арқылы жіберіледі. Медициналық комиссиядан әдейі жалтарған немесе келмеген азаматтарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған – айыппұлдан бастап бір жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін.

Сонымен қатар Қорғаныс министрлігі әскери қызметтің тартымдылығын арттыру бағытында шаралар қабылдауда. Әскерге шақырылушыларға қызмет уақытына «несие демалысы» беріледі, сондай-ақ «Сарбаз 2.0» жобасына қатысуға мүмкіндік бар. Елдің 80-нен астам жоғары оқу орнымен жасалған келісімдерге сәйкес, мерзімді әскери қызметін абыроймен өтеп, жақсы нәтиже көрсеткен жастарды университеттер қосымша емтихансыз тегін қабылдайды.

Әскерге бөлу барысында білім деңгейі, біліктілігі, отбасылық жағдайы, денсаулығы және жеке қалау-тілектері ескеріледі.

Жыл сайын облыс жастары Қазақстанның түкпір-түкпірінде абыроймен қызмет атқарып келеді. Қазақстан Республикасының Конституциясында атап көрсетілгендей, Отанды қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы.

TuraNews

Back to top button