5400 жыл бұрынғы ботайлық адамның бейнесі қалпына келтірілді
Ғалымдар 5400 жыл бұрын өмір сүрген энеолит дәуіріндегі Ботай мәдениетінің өкілінің бет-бейнесін толық қалпына келтірді. Бұл адам жер бетінде жылқыны алғаш қолға үйреткендердің бірі саналады, деп хабарлайды TuraNews.kz тілшісі El.kz сайтына сілтеме жасап.
Реконструкция нәтижесі оның сырт келбеті өте ерекше болғанын көрсетті. Ол негізінен европеоид нәсілді, бірақ айқын шығыс еуразиялық (монғолоид) белгілері байқалады. Қою қара шаш, қара көз, бадам пішінді көз қиығы шығыстық сипатқа жақын болса, бас сүйегінің формасы, бет сүйектерінің ені европеоид ерекшеліктерін көрсетеді. Осындай аралас фенотип кейінірек тұрандық немесе орталықазиялық антропологиялық типтің қалыптасуына негіз болған. Бүгінде бұл тип қазақтар, қырғыздар, қарақалпақтар және аймақтың басқа да халықтарына тән.
Генетикалық тұрғыдан Ботай адамдарының шамамен 80 пайызы көне сібірлік компонентінен тұрған, қалған бөлігі шығыс еуразиялық және аз мөлшердегі батыс еуропалық аңшы-жинаушылар қаны.
Сол кезеңде Ботаймен қатар батыста, Қаратеңіз–Каспий далаларында ям мәдениеті өмір сүрді (б.з.д. 3300–2600 жж.). Бұл – классикалық европеоидтар, олардың генетикалық негізін батыс еуразиялық тармақтар құрады. Олар кейін Еуропа мен Оңтүстік Азия халықтарының индоевропалық тобының ата-бабаларына айналды. Ал III–V ғасырларда Минусин ойпатында пайда болған таштық мәдениеті керісінше айқын монғолоид сипаттағы халық болды.
Осылайша, Ботай мәдениеті антропологиялық тұрғыда аралық кезеңді көрсетеді. Дәл осы 5–6 мың жыл бұрынғы уақыт Орталық Азия даласында бүгінгі түркі халықтарына тән аралас орталықазиялық типтің қалыптаса бастаған кезеңі саналады.
Ботай мәдениеті – әлемдегі алғашқы жылқышылар. Олардың қоныстары жартылай отырықшы болған. Тек Ботай қалашығының өзінде 160-тан астам жартылай жеркепе анықталған. Тағамның негізгі бөлігі жылқы еті мен сүті болған. Тұрғын үйлер маңынан табылған қора-қопсы орындары мен көп мөлшердегі жылқы тезегі – жылқының қамауда ұсталғанының нақты дәлелі.



