40 Қытай азаматы Таиландтан елге қайтарылды
11 жылдан бері Таиландта қамауда болған 40 Қытай азаматы (этникалық ұйғырлар) 27 ақпан Шыңжаңның Қашқар қаласына қайтарылды.

Таиланд премьер-министрінің орынбасары және қорғаныс министрі Помтап сол күні қытайлық 40 ұйғырдың елден шығарылғанын растады. Ал жақында ғана Қытайға ресми сапармен барып қайтқан Таиланд премьер-министрі Пхэтхонгтхан оқиға туралы егжей-тегжейлі түсініктеме беруден бас тартып, «кез келген ел мұндай мәселені заңға, халықаралық рәсімдерге және адам құқықтарына негізделе отырып шешуі керек» деп мәлімдеді, деп жазады Kazinform агенттігі.
Белгілі болғандай, Оңтүстік Қытай әуе компаниясының CZ5245 рейсі сәрсенбі күні түнде Таиландтың Донмыанг әуежайына қонған. Депортацияланған азаматтар түнделете жүк көлігімен әуежайға жеткізілген. Ұшақ бейсенбі күні таңғы сағат 4:48-де ұшып шығып, шамамен алты сағаттан кейін Қашқар әуежайына қонған.
Қытайдың Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі де бейсенбі күні шекараны заңсыз кесіп өткен 40 Қытай азаматының Таиландтан елге қайтарылғанын растады.
Басылымның жазуынша, Таиланд елден қашқан ұйғыр мұсылмандарын Түркияға жеткізетін маңызды транзиттік бекет ретінде қарастырылып келген. Бейсенбі күні депортацияланған ұйғырлардың осыдан 10 неше жыл бұрын Қытайдан қашып шыққаны белгілі. Олар 2013 және 2014 жылдары ұсталып, содан бері Таиландтың әр жерінде заңсыз мигранттарға арналған уақытша ұстау орталықтарында қамауда болған.
Бұл оқиға адам құқықтарын қорғаумен айналысатын кей ұйымдардың сынына қалды. Amnesty International ұйымы «этникалық ұйғырларды Қытайға қайтару – оларды адам құқықтарының өрескел бұзылу қаупіне әкеледі» деп мәлімдеді. Ұйымның мәлімдемесінде Таиландтың әрекеті БҰҰ сарапшыларының мәжбүрлі депортацияға тыйым салу туралы ескертуін елемеумен бірдей деп атап көрсетілген.
Ал АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Таиландты қатаң айыптап, «ұзақ жылғы одақтасы ретінде АҚШ Таиландтың әрекетіне қатты мазасызданады» деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, ұйғырларды депортациялау – Таиланд халқының әлсіз жандарды қолтығының астына алатын ежелгі дәстүріне қайшы әрі ел үкіметінің адам құқықтарын қорғау бойынша міндеттемелеріне де сай келмейді. Ол тиісті елдерді пана іздеген ұйғыр босқындарын Қытайға күштеп қайтармауға шақырды.
Қытай СІМ-нің ресми өкілі Линь Цзянь 27 ақпан күні кей саяси күштер Шыңжаңға қатысты жалған ақпарат таратып, аймақтың тұрақтылығын бұзуға сұқтанып отыр деп мәлімдеді.
— Кезекті депортация Қытай мен Таиландтың заңдарына, халықаралық құқық пен тәжірибеге сәйкес жүзеге асырылды, бұл заңсыз көші-қон сияқты трансшекаралық қылмыстарға қарсы екі елдің ынтымақтастығының нақты көрінісі. Бейжің адам құқықтары мәселесін Қытайдың ішкі ісіне араласудың желеуі етуге, Шыңжаңға қатысты мәселелерді құқық қорғау саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастыққа кедергі келтіру үшін пайдалануға қарсы, — деді ресми өкіл.
Ол тиісті тараптарды Шыңжаңға қатысты жалған ақпарат таратпауға шақырды.
Соңғы рет 2015 жылы 100-ден астам этникалық ұйғыр Таиландтан Қытайға депортацияланған болатын.